Петропавлда Қазақстан мен Беларусь арасындағы аграрлық ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруге арналған семинар өтті. Бұл шара мал және егін шаруашылығын жетілдіруде озық технологияларды енгізу, фермерлердің жұмысын жеңілдету, өндіріс тиімділігін арттыруға бағытталған, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жиын барысында Беларусь елінің жетекші агроөнеркәсіптік компаниялары өз өнімдері мен тәжірибесін таныстырды. Заманауи шешімдердің қазақстандық фермерлерге тигізетін пайдасын егжей-тегжейлі түсіндірді. Сауу аппараттары мен қондырғылар, жемдік қоспалар, астық сақтау жүйелері, топырақ өңдеуге арналған техника. Бұл кешенді технологиялардың барлығы ауыл шаруашылығы саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
«Бүгін бұл алаңда фермерлер мен агроөнеркәсіп, өңдеу саласының өкілдері жиналып жатыр. Олар жердің ырысын еселеп, елдің берекелі дастарханын молайтуға, мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға өз үлестерін қосып жатыр. Ауыл еңбегін өркендеткен Беларусь елі бұл салада мол тәжірибе жинақтап, ірі аграрлық мемлекет ретінде танылып отыр. Бүгін біз сол тәжірибені ортаға салып, озық технологиялар ұсынып, әріптестік байланыстарды нығайтып жатырмыз», — деді Қазақстандағы Беларусь Республикасының төтенше және өкілетті елшісі Алексей Богданов.
Семинардың тағы бір маңызды бөлігі — Беларусьтің алдыңғы қатарлы компанияларының жемдік қоспалары, сауу қондырғылары және модульдік астық сақтау жүйелерімен таныстыру. Олардың көмегімен аграрлық саладағы серіктес елдің компанияларының өнімдері қазіргі заманғы фермерліктің барлық талаптарына сай жасалған. Мысалы, мұнда бір сиырдан жылына 15 мың литрден астам сүт өндіріледі екен. Бұл тәжірибе Қазақстан фермерлері үшін ерекше маңызды, өйткені өнімділікті арттыру мен шығындарды азайту, сапалы өнім өндіру — бүгінгі заманның басты талабы.
«Жаңашыл шешімдер өндіріс процесін жетілдіріп, шығынды азайтады, өнім сапасын жоғарылатады және фермерлердің жұмысын жеңілдетеді. Нәтижесінде өндіріс көлемі көбейіп, табыс деңгейі тұрақты өседі», — деді Астана қаласындағы «Зубр Агро» ЖШС құрылтайшысы Виталий Миганович.
Екі ел арасындағы жаңа келісімдер, тәжірибе алмасу мен заманауи технологияларды енгізу ауыл шаруашылығын жаңа белестерге көтеріп, фермерлердің табысын арттыруға жол ашады. Алдағы уақытта байланыс одан әрі нығайып, аграрлық саладағы ынтымақтастық жаңа деңгейге жететініне сенім мол.
Тағы оқыңыз: СҚО-да жаңа форматтағы мектептер: білім беру инфрақұрылымы қалай жаңарып жатыр

