Петропавлда жерлес гидротехник Қаттай Кеншінбаевқа арналған конференция ұйымдастырылды. Жиын барысында Қаттай Бектасұлының өңір үшін атқарған игі істері баяндалды. Ол адал еңбегінің арқасында, үш мәрте Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Қаттай Кеншінбаев еңбек жолын Ресейдің Томск қаласында мойынтірек жасайтын зауытта цех шебері болып бастаған. Бұдан кейін механик, Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінде ауыл шаруашылығы бөлімінің нұсқаушысы, «Қазауылшартехникасы» бірлестігінің құрылыс-қайта құру басқармасының бастығы болған.
«Қаттай Кеншінбаев «Союзцелинвод» тресін 25 жыл басқарды. Ол кезде аталмыш ұйым Қазақстанның 2 мыңдай елді мекеніне су жеткізіп тұрған. Оның күшімен ел бойынша 50-ге тарта жаңа елді мекен салынды. Оған қоса Ресейдің кейбір облыстарына су таратты. Кеңес одағы тұсында дүниежүзіндегі ең ұзын су құбырын тартып, Гиннестің рекордтар кітабына енген. Сондай-ақ өнертапқыш көзі тірісінде диаметрі 500-700 миллиметрлік су тарату құбырларын тат пен қоймалжың қара балшықтан тазалайтын снаряд ойлап тапқан. Осы үшін үш мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденін иеленді», — дейді естелігімен бөліскен Қазақстан су шаруашылығының құрметті маманы Мұрат Жантілеуов.
Қаттай Кеншінбаевтың бастамасымен облыста 150 мың шаршы метр тұрғын үй, «Балдырған» жазғы балалар лагері, отбасылық балалар үйі, әмбебап дүкен салынды. Ол – отыздан астам зерттеу жұмысының авторы. Қаттай Бектасұлы 2001 жылы дүниеден өтті.
Конференцияға жерлесіміздің ағайын-туыстары да қатысты. Солардың бірі — Ербатыр Мадияров. Ол өзінің маман ретінде қалыптасуына, Қазақстанға келуіне нағашысының ықпалы зор болды дейді.
«Қаттай Бектасұлы менің анамның ағасы. Бір кездері біз Ресейдің Қасқат деген ауылында тұрдық. Сол кезде нағашым маған, Қазақстанға кел, осында еңбек ет деп көшірген еді. Өзі секілді гдиротехник болғанымды қалады. Алайда, мен ауыл шаруашылығы саласын таңдадым. Бірақ, аманатын орындағым келді. Сондықтан қазір балам сол салада еңбек етеді», — дейді Қаттай Кеншінбаевтың жиені Ербатыр Мадияров.
Бүгінде тау тұлғаның есімі Петропавл қаласындағы бір көшеге берілген.
Тағы оқыңыз: СҚО-да 2025 жылы 40 елді мекен ауыз сумен қамтылады