Петропавлда алаяқтық жасады деген күдікпен 37 жастағы ер адам ұсталды. Ол адамдардың сеніміне кіріп, жүргізуші куәлігін рәсімдеуге көмектесемін деп уәде берген, деп жазады Qazaqstan Media.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, күдікті жеке тасымалмен айналыса отырып, өз қызметін «делдал» ретінде ұсынған. Құжаттарды жылдам жасап беремін деген. Мұндай қызмет үшін 100 мыңнан 200 мың теңгеге дейін ақы алған. Кейін әртүрлі құжаттарды рәсімдеуді сылтауратып, қосымша қаражат талап еткен.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы жүргізген тексеру нәтижесінде күдікті ұсталды. Белгілі болғандай, ол бұған дейін де мүліктік қылмыстар үшін жауапқа тартылған.
Қазіргі уақытта төрт жәбірленуші анықталған. Алайда олардың ешқайсысы полицияға өз еркімен жүгінбеген. Келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 480 мың теңгені құрайды.
Аталған факті бойынша материалдар Петропавл қалалық полиция басқармасына жолданып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде
Тағы оқыңыз: «Soltústіk Qazaqstan» газетіне облыс әкімі көлік сыйлады

