Петропавлда көшені белгіленбеген жерден кесіп өткен әйел, екі бірдей бақылау камерасына түсіп қалған. Осылайша оған санаулы секундтардың ішінде әкімшілік хаттама толтырылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Жолдың рұқсат етілмеген жерінен өту, уақыт үнемдеп, жолды қысқартудың амалы. Бірақ, оның арты неге әкеп соғатындығын көпшілік ойлай бермейді. 11 айдың ішінде Солтүстік Қазақстан облысында жаяу жүргіншілердің кінәсінен 32 жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан бір адам қайтыс болып, 31 азамат жарақат алды.
Полиция қызметкерлері осындай жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстарын күн сайын жүргізіп тұрады. Базарлар мен адам аяғы көп жүретін учаскелер ерекше бақылауда.
«Мәселен, Петропавл қаласының 49 жастағы тұрғыны «Алтын арман» базарының маңында рұқсат етілмеген жерден жүгіріп өткен. Бірақ сәлден соң оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Оның бұл әрекеті екі бірдей бейнебақылау камерасына түсіп қалған», — деп хабарлайды СҚО ПД баспасөз қызметі.
Жыл басынан облыста жаяу жүргіншілерге қатысты 7162 әкімшілік хаттама толтырылды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Қаттай Кеншінбаевтың 95 жылдығына арналған конференция өтті