Петропавлда жерасты жылу коллекторында өрт болып, екі әйел зардап шеккен болатын. Олар ауруханаға ауыр хәлде жеткізілді. Алайда, бір тәуліктен кейін біреуі, 36 жастағы әйел көз жұмды. Екіншісі жансақтау бөлімінде жатыр, деп жазады Qazaqstan Media.
Өрт алтыншы қазан күні таңғы сағат тоғыздан кете орын алған. Н. Назарбаев көшесі 138 мекенжайы маңындағы жерасты жылу коллекторында шығады. Оқиға орнына келген құтқарушылар коллектор ішінен күйік алып, түтінге тұншыққан екі әйелді құтқарады. Зардап шеккендер бірден қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
«29 жастағы пациент ауыр жағдайда түсті. Денесінің 60 пайызын күйік шалған. Беті, мойыны, кеуде тұсы, жамбасы күйіп қалған. Оған қоса тыныс алу жолдары да күйіп қалған. Түтінге улануы бар. Қазір жағдайы ауыр, тұрақсыз. Жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер барлық ем шараларын жүргізуде»,-деп хабарлады СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.
Күйік алған екінші әйел де ауруханаға өте ауыр күйде, ес-түссіз халде жеткізілді. Оның денесінің 80 пайызы күйіп қалыпты. Жағдайы өте ауыр болып, бірден реанимацияға жатқызылды. Дәрігерлер оның өмірі үшін бір тәулікке жуық күресті. Өкінішке орай, 36 жастағы әйел көз жұмды.
Тағы оқыңыз: 2026 жылдан бастап тұрмысы төмен азаматтардың емделу ақшасын әкімдік төлейді