Петропавлдық жеке кәсіпкер Диас Назмутдинов өңірдегі су тасқыны кезінде табиғи апаттан зардап шеккен отбасыларды сумен қамтамасыз еткен. Азамат бірінші кезекте эвакуациялық пунктерге, кейін білім ордалары мен денсаулық сақтау орындарында болған. Барлығы 600-ден астам тұрғынды ауыз сумен қамтамасыз етті, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Өңірде су тасқыны кезеңінде ауыз судың жетпеуі өзекті мәселелердің бірі болды. Жүздеген ерікті халыққа қол ұшын созып, шешім іздеді. Осы сәтте жергілікті кәсіпкерлер де қол қусырып отырған жоқ. Солардың бірі — Петропавлдық Диас Назмутдинов. Кәсіпкер бірнеше жыл бұрын су жеткізу компаниясында жұмыс істеген. Қазір жеке кәсібі бар. Игі іске тек өзі ғана емес, бизнестегі әріптестерінің де ат салысқанын айтады. Сондай-ақ, қаладағы газель жүргізушілері де белсенділік танытып, суды үйді-үйге жеткізуге көмектескен. «Қиын сәтте жұмыла әрекет еттік. Қолдан келген көмекті аямау – біздің азаматтық міндетіміз»,- дейді ол.
«Табиғи апат салдарынан тұрғындар қиын жағдайға тап болған сәтте бірден іске кірістік. Астанадағы серіктестерімізге қоңырау шалдық. Олар күн-түн демей суды жүк көліктеріне тиеп, бізге жеткізді. Негізі оған дейін кәсіпкерлермен қажетті қаражатты жинаған болатынбыз. 1 млн теңгеге жуық ақша жиналды. Дегенмен ол жетпеді. Кейін әлеуметтік желіге бейнежазба жүктедік. 100 теңге, 100 мың теңге жібергендер болды. Айта кету керек, көлік компаниясы да көмектесті. Астанадан Петропавлға суды солар жеткізіп берді», — деді Диас Назмутдинов.
Тағы оқыңыз: Биыл Петропавлда үстел теннисі орталығы ашылады