Петропавлда 2027 жылға дейін жаңа полигон тұрғызылады. Бүгіндері жер учаскесі бөлініп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Бұл мәселе AMANAT партиясы СҚОФ жанындағы өңірлік экологиялық кеңес отырысында айтылды. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Тәшімовтың айтуынша, қазіргі полигон толған. Сондықтан 2027 жылға қарай шаһарда жаңасы салынады. Бүгіндері жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Жер учаскесі бөлінген.
«Мамлют тас жолы, 26 мекенжайы бойынша ауданы 30 га жер учаскесі бөлінді. Қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесін арттыру мақсатында «Радуга» ЖШС-ның «ТехноЭкоПарк құру» атты инвестициялық жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Бұл коммуналдық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу кешені болады. Қоқыс сұрыптау кешені полигонмен бірге жұмыс істеп, сұрыпталған қалдықтар қайталама шикізат ретінде қайта өңдеуге жіберіледі», — деді Ерлан Тәшімов.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында ҚТҚ-ны қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесі 20,1%-ды құрайды. Айта кетейік, AMANAT партиясының Сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасында 2027 жылға қарай қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 21%-ға жеткізу шарасы көзделген.
Ал қазір жұмыс істеп тұрған полигон жаңасы ашылғаннан кейін жабылып, жері қалпына келтірілетін болады.
Тағы оқыңыз: СҚО-да Орта Азиядағы ең ірі сүт кешені салынып жатыр