Петропавлда табиғат тынысына үн қосқан ерекше кездесу өтті. Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінде жастарға экология тақырыбы тереңінен қозғалған деректі фильм көрсетілді, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінде 80-ге жуық жас бас қосып, экология тақырыбын тереңінен қозғайтын деректі фильм тамашалады. Бұл — жай көрсетілім емес, табиғатты сақтау жолындағы жүректерді біріктірген ортақ ой алаңы болды.
«Бүгінгі шараны біз ерекше форматта — фильм көрсету арқылы өткізуді шештік. Мақсатымыз — әр студенттің осы туынды арқылы шабыт алып, табиғатқа жанашырлықпен қарап, бірге өмір сүріп отырған ортаға құрмет сезімін қалыптастыру», — қоғамдық даму және ақпарат орталығының маманы Алмагүл Ғаббас.
Бүгінгі ұрпақ — елдің ертеңін ғана емес, табиғат аманатын арқалайтын жауапты буын. Өңірде соңғы жылдары экологиялық бастамалар жаңаша серпін алып, тазалық акциялары, ағаш отырғызу, қоқыс сұрыптау мәдениетін қалыптастыру жұмыстары кеңейіп келеді. Жасыл идеяны қолдаушылар қатары да күннен-күнге көбеюде.
Айта кету керек, биыл облыста мыңға жуық экологиялық шара өткізілген. Бұл тұрғындардың мәдениетін арттыратыны сөзсіз.
Тағы оқыңыз: СҚО-да пиротехникаға бақылау күшейтілді

