Петропавлда жасөспірімдер арасындағы волейболдан турнир өтті. Жарыста төрт команда бақтарын сынады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Қалалық Жастар ресурстық орталығы жасөспірімдер арасында волейбол турнирін ұйымдастырды. Додаға №42, 44-ші және 27-ші мектептің оқушылары және соңғы аталған оқу ұясы жанындағы «Арман» балалар-жасөспірімдер клубының өкілдері қатысты. Жалпы, төрт команда жүлдеге таласты.
«Жарыстың мақсаты — салауатты өмір салтын қалыптастыру, балаларды спортқа баулу. Жастар ресурстық орталығына алғысымызды білдіреміз! Бізге демеушілік көмек көрсетіп, спорттық іс-шараларды өткізуге әрдайым көмектесіп тұрады. Мұндай жарыстар жас таланттарды анықтауға мүмкіндік береді», — деді №27 орта мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Сәбит Төлешов.
Әр командада үш ұл және екі қыз бала бар. Бұл — волейбол турнирінің өзіндік ерекшелігі. Сайыс алаңында өнер көрсеткен жасөспірімдер намысқа тырысып, тартысты бәсеге ұсынды. Жанкүйерлер жойқын соққыны да, шалт қимылды да, қуаныш пен өкінішті сәттерді де көрді.
«Жаңа №42 мектептің балаларына қарсы ойнадық. Оларды 2 де 1 есебімен жеңдік. Өзім 7-сыныптан бері волейбол ойнаймын. Менің командам өте ұйымшыл дегім келеді, біраздан бері бірге ойнап келеміз. Қарсыластарымыз да мықты. Жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз», — деді №27 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Кирилл Полутеев.
Жеңімпаз — №27 мектеп оқушылары, екінші — 44-мектептің ұл-қыздары, ал үшінші орынға «Арман» балалар-жасөспірімдер клубының волейболшылары жайғасты. Сайыс соңында тұғырға шыққан командалардың барлығы марапат алды.
Тағы оқыңыз: ҰҚК облыста 5100 литр прекурсор тәркіленді

