Петропавлда «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында сенбілік өтті. Оған ардагерлер, мемлекеттік қызметкерлер, депутаттар мен түрлі ұйым қызметкерлері қатысты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Экологиялық акцияға жасы 72-ге таяп қалған Иманғали Татваев та қатысуда. Ол қолына тырнауыш алып, Петропавлдағы «Мәңгілік алау» мемориалдық кешенінің маңын қыстан қалған күл-қоқыстан тазартып жүр. Қасында қалалық ардагерлер кеңесінің өзге де мүшелері бар. Олар сенбілік болады дегенді естігенде, үйде тыныш жата алмадық дейді.
«Қаламыздың әдемі, таза болғаны барлығымыз үшін маңызды. Сондықтан бүгін 15 шақты ардагер жиналып, шаһарымыздың тазалығына өз үлесімізді қосамыз деп шештік. Жастармен бірге «Мәңгілік алау» ескерткішінің маңын қоқыстан тазартып жүрміз. Бұл жерде жұмыс көп екен. Десе де, сенбілікке халық көп жиналыпты. Барлығын лезде-ақ жинап тастаймыз деп ойлаймын», — дейді қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Иманғали Татваев.
Қолдарына тырнауыш, сыпырғыш, күрек пен қап ұстаған депутаттар мен мемлекеттік қызметшілер де осында. Барлығы өздеріне тиесілі алаңды жинауға асық.
«Облыс әкімі Ғауез Нұрмұханбетовтың тапсырмасы бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында өңірде абаттандыру шаралары басталды. Ол үш айға жалғасады. Яғни, әр апта сайын қалада «Таза бейсенбі» акциясы ұйымдастырылады. Оның үстіне сенбіліктер өткізіледі. Сондықтан тұрғындарды осындай шаралардан шет қалмауға шақырамын. Әркім өзі тұрып жатқан үйінің маңын, ауласын жинап, шаһарымыздың көркеюуіне үлесін қосуы тиіс. Кәсіпкерлерді де тазалық акцияларына белсенді қатысуға шақырамын», — деді Петропавл қаласының әкімі Серік Мұхамедиев.
Бұл күні қаладағы барлық мекемелер сенбілікке қатысты. Айталық, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері Н. Назарбаев көшесінің бойындағы қыстан қалған күл-қоқысты жинап жүр. Олар осындай тазалық акцияларына жылда қатысамыз дейді.
«Біз Партизан көшесінен бастап С. Мұқанов көшесіне дейінгі аралыққа жауаптымыз. Бүгін ауа райы да, көңіл күйіміз де жақсы. Сондықтан қазірдің өзінде шаруаның біраз бөлігін тындырып тастадық. Қаламыздың таза болғаны өзімізге жақсы ғой. Сол себепті, сенбіліктерге үнемі қатысып тұрамыз», — дейді облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі Сәлімхан Сәбитов.
Ал көше бойына қойылған қоқыс толы қаптарды коммуналдық мекемелер арнайы техникамен шығарып тастайды.
Тағы оқыңыз: Қызылжар ауданының әкімі тұрғындары сенбілікке шақырады