Петропавлда жалға берілетін пәтерлер бағасы қымбаттаған

Жаңа оқу жылының қарсаңында Петропавлда жалға берілетін пәтерлердің бағасы күрт қымбаттап кеткен. Оған қоса, риэлторлар шаһарда жалға берілетін пәтерлер тапшы деп отыр.  Qazaqstan Media тілшісі облыс орталығындағы пәтерлердің бағасын саралап көрді.

Жалдамалы пәтер іздеп жүргендердің бірі — Аснурия Абдула. Қозыбаев университетінің студенті былтыр жатақханада тұрған. Ал биыл ол құрбыларымен бірге пәтер жалдап тұрмақшы екен. Оның айтуынша, жастарға ұзақ мерзімге жалға берілетін баспана табу қиын. Оған бірнеше себеп бар. Алдымен, үй иелері студенттерге пәтерлерін беруге құлықсыз. Екіншіден, риэлторлар қызметі қамбат тұрады. Ал оларсыз пәтер табу тіптен қиын. Және ең басты проблема ол жалға берілетін пәтер құнының күрт қымбаттауы.

«Пәтер жалдап тұру ата-анамыздың қалтасын қағады. Сондықтан жастардың көбі жұмыс істеп, көмектесуге тырысады. Кейбірі солай оқуларын ақсатып алады. Жылда ауылдан ертерек келіп, студенттер пәтер іздей бастайды. Себебі, қыркүйек айында баспана болмай қалуы мүмкін. Биыл жастарға пәтер табу одан сайын қиын болайын деп тұр. Өйткені, су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың да біразы әлі күнге дейін пәтер жалдап тұрып жатыр. Баспананың бағасы да өсіпті», — дейді студент.

Аснурияның сөзін «Север-Недвижимость» агенттігінің  маманы Людмила Стригун да растап отыр. Баға өскендігіне қарамастан жалдамалы пәтер іздеп жүргендердің саны артпаса, кеміген жоқ.

«Петропавлда қазір ұзақ мерзімге жалға берілетін пәтерлер аз. Оның үстіне, су тасқынынан кейін бағалары күрт өсті. Алғашында үйлері суға кеткен азаматтар жалға пәтер іздеді. Кейін өз пәтерлерін тасқыннан зардап шеккендерге сатқандар көбейді. Осылайша, жалға берілетін пәтерлер саны азайды. Қазір біздің қалада бір бөлмелі пәтерлерді жалға алу үшін ай сайын 100-130 мың теңге төлейсің. Олар ең көп сұранысқа ие. Екі-үш бөлмелі пәтер іздейтіндер аз. Бұл баспаналар 130 мыңнан бастап 160 мың теңгеге дейін барады. Қазір жалға пәтер іздеп хабарласатындар көп. Бірақ біздің базада оларға ұсынатын баспана жоқ», — дейді Людмила Стригун. 

Өңірдегі жалғыз жоғары оқу орны, Солтүстік Қазақстан университетінде бүгінде төрт мыңнан астам жас білім алуда. Олардың тек 1365-і ғана  жатақханамен қамтылады.

«Қазіргі кезде университет жатақханаларында 1365 орын бар. Оларға алдымен бірінші курс студенттері, әлеуметтік осал топтағы жастар орналастырылады. Жатақханадағы бөлмеге олар ай сайын 11 мың теңге төлейді. Ал 10 корпустағы жатақханадағы бөлмелер үшін 15 мың теңге төлеу керек», — дейді университеттің баспасөз қызметі.

Бұл тек университет студенттеріне ғана қатысты ақпарат. Одан қалды Петропавлда бірнеше колледж бар. Оларда да жастардың барлығы жатақханамен қамтылмайды.

Тағы оқыңыз: СҚО-да өлім-жітім саны туу көрсеткішінен жоғары болып тұр

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x