Петропавлда жұмыста автобус жөндеймін деп жарақат алған жүргізушіге төлемдер толық берілді. Бұл іске еңбек инспекциясы араласып, маманның құқығы қорғалыпты. Жалпы өңірдегі кәсіпорындар мен ұйымдарда 85 еңбек заңнамасын бұзу фактісі тіркеліп, 36 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің СҚО бойынша департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtan Media.

Жалақыны уақытылы төлеу мәселесі бүгінде өзектілігін жойған жоқ. Жұмысты істетіп алып, ақшаға келгенде сараң болатындар жетерлік. Еңбекақыны кешіктіріп немесе мүлде төлемей, заңды белден басатын жұмыс берушілер әлі де бар. Халық арасында мұндай мекемелерді «Шық бермес Шығайбайларға» теңеп жатады.

«Биыл департаментке азаматтардан 777 өтініш түсті. Мамандарымыз жоспардан тыс 100-ден астам тексеру жүргізді. Нәтижесінде еңбек заңнамасының 85 бұзушылығы анықталды. Соның ішінде 36 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», — деді Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің СҚО бойынша департаментінің мемлекеттік еңбек инспекторы Азат Мұқанов.

Ең жиі кездесетін заң бұзушылықтар қатарына:жалақыны кешіктіру,  еңбек шартына отырмай жұмыс істету, еңбек қауіпсіздігін сақтамау кіреді.

Облыста еңбек қауіпсіздігі мәселесі де өткір тұр. Жыл басынан бері өңірдегі өндіріс орындарында 13 жазатайым оқиға тіркеліп, 18 адам түрлі дәрежеде зардап шеккен.

Мұндай оқиғалардың бірі – «Петропавловск Nord» ЖШС базасында тіркелген. Компанияның жүргізушісі қоғамдық көлік астында жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанда көтергіш құрал сынып кетіп, жұмысшы автобустың астында қалып қойған.

«Қызметкер ауыр жарақат алды. Дәрігерлер оның жағдайын «ауыр» деп бағалады. Қазіргі кезде ем-дом қабылдап жатыр.Оған  Еңбек инспекциясы араласқаннан кейін ғана толық көлемде әлеуметтік және медициналық төлемдер жасалды», — дейді Азат Мұқанов.

Мемлекеттік еңбек инспекциясы еңбек құқықтарының бұзылуының алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, тексерістерді жалғастыруда. Ведомство қызметкерлері жұмыс берушілерге заң талабын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді. Ал еңбек құқықтары бұзылған қызметкерлер кез келген уақытта инспекцияға шағымдана алады.

Тағы оқыңыз: Петропавлда 10 000 вольттық ток соққан ер адам аман қалды

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *