2024 жылдың көктемі көпшілік үшін облыста бұрын- соңды болмаған су тасқынымен есте қалды. Есілдің бойындағы орналасқан бірнеше ауылдар мен Петропавлдың бірнеше шағын ауданы су астында қалды. Мұндай қауіп биыл да бар. Жалпы, өзен бойында орналасқан үйлерді су басу қатері жылда туындайды. Сондықтан Петропавл қаласының Заречный кенті тұрғындарын өзге аймаққа көшіру туралы шешім қабылданған, деп жазады Qazaqstan Media.
Заречный кентінде осы уақытқа дейін 913 адам тұрып келген. Су тасқынынан кейін олардың саны біршама азайды. Баспаналары апатты деп танылып, оларға басқа шағын аудандардан үй мен пәтер берілді. Қазіргі кезде мұнда 250-ге жуық отбасы тұрады. Оның 90-ы жеке сектор тұрғындары. Сонымен қатар, түзету мекемесі, мен мектеп бар.
Бүтіндей кент тұрғындарын көшіру үшін әкімшілік бірнеше нұсқаны ұсынып отыр. Оны таңдау не таңдамау әркімнің өз еркінде.
«Біз тұрғындарға алдымен пәтер ұсынамыз. Қазіргі үйінің шаршы алаңына сай болады. Екінші нұсқа – ақшалай компенсация төлеу. Ол да нарық бағасына сай болады. Сонымен қатар, тұрғындар қазіргі үйлерінде қала алады. Таңдау өздерінде. Біз оларды күштеп көшіре алмаймыз», — деді Петропавл қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.
Жер үйде тұрып жатқандардың кейбірі саяжай аумағында үй салып алғандар. Яғни, жалғыз баспанасы саяжай болып табылады. Олар да қоныс аудару үрдісінен шет қалмайды.
«Егер саяжайдағы үйі жалғыз баспана болып табылса, онда ол заңға сәйкес үй кезегіне тұра алады. Сонымен қатар олар жер учаскесін алуға өтініш жаза алады. Қазіргі кезде Петропавлда 15 мың адам пәтер кезегінде тұр. Оның жеті мыңға жуығы осал топқа жататын жандар», — деді Әсем Айтулова.
Қазіргі кезде өңір көктемгі су тасқынына дайындалып жатыр. Былтырғы тәжірибеден кейін, бөгеттер тұрғызылып, Петропавл су торабы маңында айналма канал құрылысы басталды.
Тағы оқыңыз: Петропавлда жұмысшылардың еңбегі еленіп жатыр