Бүгін солтүстікқазақстандықтар үшін ақ түйенің қарны жарылған күн. Петропавлда заманауи мұз сарайы ашылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.

Енді теріскейліктер зәулім кешенге келіп, шыныға алады. Сонымен қатар, спортшыларымыздың толағай табысқа жетуіне де септеседі. Салтанатты шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысып, облыстық әкімдік тарапынан спорт саласына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Петропавлда заманауи мұз сарайы ашылды
Петропавлда заманауи мұз сарайы ашылды

«Мемлекет басшысы әр облысқа спортқа ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Спорт — денсаулық кепілі, тәрбиенің қайнар көзі. Зәулім кешендердің салынуының арқасында өңірде спортпен айналысатын жандардың саны артары сөзсіз», — деді СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Салтанатты шараға бейінді министрлік өкілдері, спорт ардагерлері мен Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин қатысты. Барлығы ізгі тілектерін айтып болған соң ортаға мәнерлеп сырғанаумен айналысатын кішкентай бүлдіршіндер шығып, өз өнерлерін көрсетті.

Ашылу салтанатынан кейін жергілікті «Құлагер» және ресейлік «Авангард»жасөспірімдер командалары арасында жолдастық кездесу өтті. Тұрғындар шаһарда жыл бойы қысқы спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік беретін нысанның ашылғанына дән риза. Олар енді балалары мен немерелерін осында әкеліп, спорт үйірмелеріне береміз дейді.

Облыс әкімі мұз сарайында жасалған жағдаймен танысты. Әр бөлмеге бас сұғып, атқарылған жұмыс көңілінен шыққанын жеткізді. Заманауи нысан тек қысқы емес, жазғы спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік береді.

Петропавлда заманауи мұз сарайы ашылды
Петропавлда заманауи мұз сарайы ашылды

«Ғимараттың жалпы ауданы 6400 шаршы метрді құрайды. Мұз айдынының ұзындығы 56 метрді, ені 26 метрді құрайды. Бұл — әлемдік стандартарға сай өлшемдер», — деді СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қарлығаш Рамазанова.

Биыл облыста 40 спорт нысаны бой көтерген. Бұл игі дәстүр алдағы жылдары да жалғасын табады. Айта кету керек, қазіргі таңда облыста 225 мың адам тұрақты түрде спортпен айналысады.

Тағы оқыңыз: СҚО-да  Жамбыл ауданы ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіпте рекорд орнатып отыр

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *