«Петропавл жылу желілері» ЖШС желілерде жүргізген гидравликалық сынақтарды аяқтады. Яғни, 21 мамырдан бастап үйлерге ыстық су беріле бастайды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Петропавлдықтар 10 күннен бері ыстық сусыз отыруға мәжбүр болды. Өйткені, қаланы жылумен қамтамасыз етіп отырған «Петропавл жылу желілері» ЖШС келер жылғы қысқы маусымға дайындық жұмыстарын бастады. Олар желілерде гидравликалық сынақтар жүргізген болатын.
«Сынақ барысында 93 технологиялық ақау анықталды. Ол учаскелерде жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал сынақтан сәтті өткен учаскілерге бүгіннен бастап ыстық су беріле бастайды. Бұл жұмыс МИБ және ПИК төрағаларының қатысуымен жасалады», — деп хабарлады «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ баспасөз қызметі.
Бірақ қуануға әлі ерте. Өйткені, ақау анықталған учаскелер жөндеу жұмыстары аяқталғанша ыстық сусыз отырады. Осыған қатысты толық ақпаратты мамандар 22 мамыр күн жарияламақ.
Тағы оқыңыз: СҚО-да «Қызылжар жастары» әлеуметтік ипотекасына өтінім қабылдау басталды