Солтүстікқазақстандық ветеринар мамандардың біліктілігін арттыру үшін арнайы семинар-тренинг ұйымдастырылды. Тренинг теориялық және практикалық бөліктен тұрды. Тәжірибелік бөлігі облыс орталығындағы серіктестіктердің бірінде болды. Мамандар онда мал сою алаңында тірі және сойылған мал мен құстан сынама алу дағдыларын нығайтты, деп жазады Qazaqstan Media.
Тренинг барысында мамандар зертханалық диагностика үлгілерін жинау, орау, тасымалдау және өңдеу тәжірибесін жетілдірді. Сол арқылы сібір жарасы, бруцеллез, құс тұмауы және пастереллез сияқты қауіпті аурулардың алдын алуды қамтамасыз етеді. Кәсіби тренингтің негізгі бөлімдері теориялық оқытуды, практикалық тәжрибені және кәсіби дайындықты нығайтуды қамтиды. Қатысушылар сынама алудың ұлттық және халықаралық стандарттарымен танысып қана қоймай, үлгі сапасын сақтаудың озық әдістерін, биологиялық қауіпсіздік стандарттары шараларын үйренді.
«Облысымыздың ветеринарлары әрдайым біліктіліктерін арттырып отырады. 2024 жылы облыста ауыл шаруашылығы институты жанында малшылардың құзыреттілік мектебі ашылған болатын. Сол жерде біздің мамандар үшін түрлі семинарлар өткіліп тұрады. Онда еліміздің ғана емес, Польша, Ресей, Беларусь елдерінен мамандар келіп, тәжірибелеміен бөлседі. Жалпы алғанда өңірімізде қазіргі кезде малдарда жұқпалы аурулар тіркелген жоқ. Барлық карантиндер алынып тасталды», — дейді СҚО ветеринария басқармасының басшысы Жанат Әміржанов.
Іс-шараның тәжірибелік бөлімінде мал дәрігерлері тірі және сойылған малдан сынама алу дағдыларын дамытты. Сою пунктіндегі жұмыс процестерін басқаруды, сондай-ақ аса қауіпті үлгілермен жұмыс істеуге дағдыланып, зооноздық инфекциялардың өршуін болдырмаудың тиімді мүмкіндіктеріне машықтанды.
Тренингтің негізгі мақсаты — Солтүстік Қазақстан аймағындағы зооноздық ауруларды диагностикалау жүйесін нығайту. Сынама алу сапасын арттыру арқылы олардың таралу қаупін тиімді төмендетіп, инфекция ошақтарына жедел ықпал ететін кадрлық резерв құру .
Тағы оқыңыз: Петропавлда түнде төбелес ашқан жігіттердің бірі ұсталды