Солтүстікқазақстандықтар Тәуелсіздік мерекесіне орай, азат күнді аңсаған, ел еркіндігі үшін күрескен азаматтарды еске алып, Тәуелсіздік стелласына гүл шоқтарын қойды деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қазақстан тәуелсіздігіне — 32 жыл. Осы уақыт аралығында еліміз талай сынақтан сүрінбей өтті. Бүгін азаттық жолында құрбан болған азаматтарды еске алып, тағзым ететін күн. Осындай маңызды, тарихи мерекемен жерлестерді облыс әкімі құттықтады.
«Құрметті солтүстікқазақстандықтар! Сіздерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміздің бостандығын аңсаған ата-бабаларымыз бен отанымыздың еркіндігі үшін күрескен азаматтарды еске алып, тағзым ету – біздің ұлы парызымыз. Олардың еліне деген кіршіксіз махаббаты – өскелең ұрпаққа нағыз үлгі. Көк байрағы желбіреген, абыройлы да айбынды, беделді де берекелі, ынтымағы мен бірлігі жарасқан еліміздің тәуелсіздігі баянды болғай. Әр отбасыға игілік пен бақыт, бақ-дәулет, ырыс тілеймін. Қазақстанның дамуы жолындағы еңбектеріңіз табысты, барлық бастамаларыңыз сәтті болсын!», — деп жазды облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік желіде.
Бұл күні өңір басшысы бастаған қоғам белсенділері, зиялы қауым өкілдері Тәуелсіздік стелласына гүл шоқтарын қойып, бостандық жолында құрбан болғандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Тәуелсіздік-баға жетпес байлық. Оған қол жеткізу бір бөлек, сақтап қалу бір бөлек дейді облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Жарасбай Сүлейменов.
“Бүгінгі мерекенің сипаты да, салмағы да ерекше. Ата-бабаларымыз туымызды жықпай бостандыққа қол жеткізді. Осыны бағалай білу керекпіз. Тәуелсіздікті сақтай білу бізге міндет”, — дейді шараға қатысқан Жарасбай Сүлейменов.