19 қаңтарға қараған түні Петропавлдағы шағын аудандардың бірінде су құбыры істен шықты. Соның салдарынан жолдар мұз айдынынан айналып, біршама үй мен нысандар сусыз қалды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
«Қызылжар су» ЖШС хабарлағандай, Болатбаев көшесі, 22/1 мекенжайындағы су құбыры құдығынан су ағып, салдарынан көшелер су астында қалды. Бұл таңғы сағат төрт шамасында болды.
«Аққан суды тоқтату бойынша жұмыстар таңғы 6:30-да аяқталды. Осы кезеңде 21 нысан сусыз қалды»,-деп нақтылады»Қызылжар су» ЖШС баспасөз қызметі.
Бірнеше сағат бойы 14 көпқабатты үй, өрт сөндіру бөлімі, мектеп, балабақша, супермаркет, мейрамхана, кафе және базар сусыз болды.
«Қазіргі уақытта учаскені механикаландырылған тазалау және құм-тұз қоспасын себу жұмыстары жүргізілуде», — деп атап өтті қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Петропавлда 6 сынып оқушысы газқағар жинаумен шұғылданады