Маусымның 5-і күні Петропавлдағы Солнечный-2 шағын ауданында алғашқы 50 үйдің кілті тұрғындарға табысталады. Естеріңізге сала кетейік, бұл шағын ауданында тасқын судан зардап шеккендер үшін 700 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Алғашқы 100 үйдің құрылысы 24 сәуір күні басталып еді. Қазіргі уақытта баспаналар 90 пайызға дайын, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Қазір шағын ауданда құрылыс жұмыстары қыза түскен. 200 баспанаға «Қазақстан халқына» қорынан 5 млрд-қа жуық қаржы бөлінген болатын. Сонымен қатар тасқыннан зардап шеккендер үшін «Қазақмыс» компаниясы да 300 үй салып жатыр. Бұл баспаналар әзірге тек 30 пайызға дайын. Құрылыс басқармасы мамандарының сөзінше, Солнечный- 2 шағын ауданында тағы да 200 үй салынатын болады.
«Қазір жер бөлініп, тиісті сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Қосымша 100 үйдің құрылысына Kaspi bank, тағы 20 баспанаға YDA түрік компаниясы, 80 үйге жеке инвесторлар қаржы бөлетін болды. Нақты қаражат әзірге белгісіз», — деді облыстық құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы Майгүл Елемесова.
Солнечный — 2 шағын ауданында балалар үшін жаңа балабақшаның құрылысы да басталды. Мектепке дейінгі мекеме 90 балаға шақталған. Құрылыс жұмыстары қыркүйек айының соңында аяқталады деп жоспарланған. Мекеменің құрылыс жұмыстарына «Мирас Group» ЖШС жауапты. Бұл мақсатқа жеке инвесторлар 500 млн теңге қаржы бөлген.
«Қазір құрылысқа дайындық жұмыстары жүріп жатыр. 5 техника жұмылдырылған. Әзірге тек 5 жұмысшы бар. Алайда, басқа да мамандар жұмылдырылатын болады», — деді участке бастығы Фархат Сейпілов.
Тағы оқыңыз:Қазақстанда 15 жасқа толған жасөспірім пойызда жалғыз жүре алады