Петропавлда тасқыннан зардап шегіп, үйлері апатты деп танылған 47 отбасыға баспана кілті табысталды. Тұрғындарды қоныс тоймен вице-премьер Қанат Бозымбаев пен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, Бірлік шағын ауданда тасқын судан зардап шеккендер үшін 700 баспана салынып жатыр. Алғашқы 100 үйдің құрылысы 24 сәуір күні басталып еді. Олардың 53-і осыған дейін тапсырылған болатын. Ал бүгін қалған 47 үйдің кілтін тұрғындарға премьер министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев салтанатты түрде табыстады.
Бүгін жаңа баспанаға ие болғандардың бірі – Ғалия Хамзина. Ол отбасымен бірге 16 жыл бойы Былғары зауыты ауданында тұрған. Тасқын су салдарынан баспанасы тұруға жарамсыз деп танылған.
«Үйіміздің бір қабырғасы толықтай опырылып түсті. Мамандар баспанамызды апатты деп танып, жөндеуге болмайтынын айтты. Енді қайда барамыз, далада қалдық деп уайымдап едік, енді міне бүгін қатты қуанып жатырмыз. Үй ұнады, жақсы. Отбасында алты жан бар. Жолдасым осы айдың соңында зейнетке шығады. Осы шаңырақта үлкен той болады», — деді қала тұрғыны Ғалия Хамзина.
Бірлік шағын ауданына инженерлік инфрақұрылым мен коммуникациялар толықтай тартылған. Балабақша құрылысы да басталды. Қыркүйек айында қолданысқа берілмек. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтың сөзінше, жақын арада қоғамдық көліктер де қатынай бастайды.
Бүгін қала тұрғыны Виталина Мозговаяда жаңа баспанасының кілтіне ие болды. Ол төрт жыл бойы Ойқала ықшам ауданында тұрған екен.
«Су тасқыны салдарынан үйім тұруға жарамсыз болып қалды. Жиһаздарым да судың астында қалды. Мамандар үйімді апатты деп таныды. Маған қала әкімдігі пәтер немесе жаңа шағын ауданнан жер үй ала аласыз деп таңдау қойды. Өзім гүл өсіріп, көкеністер еккенді ұнатамын. Сол себепті ойланбастан жер үйді таңдадым. Жаңа жаһиздарда беретін болды», — Виталина Мозговая.
Жалпы өңірде табиғи апат салдарынан төрт мыңнан астам үй су астында қалып, екі мыңға жуық баспана тұруға жарамсыз деп танылды. Өңірге жұмыс сапарымен келген вице-премьер Қанат Бозымбаев тұрғындар үшін салынып жатқан үйлердің сапасы үкімет назарында болатынын айтты. Табиғи апаттың залалы толығымен қайта қалпына келтірілетінін де тілге тиек етті.
«Тасқын су салдарынан біраз жолдар да қирады. Электр желілеріне де зақым келді. Туындаған осындай мәселелер бойынша жергілікті билік тиісті құжаттарды әзірлеп, келесі аптада жауапты министрлікке құжат жіберетін болады. Бір-екі аптаның ішінде қажетті қаражатты аударылады. Залал келген инфрақұрылымды тез арада жандандыру керек», — деді вице – премьер Қанат Бозымбаев.
Айта кетейік, Бірлік шағын ауданында салынып жатқан қалған 600 баспананың құрылысы күн суытқанға дейін аяқталып, тұрғындарға табысталатын болады.
Тағы оқыңыз:СҚО-да 1000-ға жуық ата-ана заң талаптарын бұзып, балаларын үшінші тұлғаларға тәрбиелеуге берген