Қанды оқиға Петропавл қаласында Алтынсарин көшесіндегі православ шіркеуінің маңында биыл маусым айында болды. 60 жастағы такси жүргізушісі Андрей Белоконенко жұмыс барысында аяусыз соққыға жығылды. Дәрігерлер оның өмірі үшін бес күн бойы күресті, бірақ құтқара алмады. Оның өліміне кінәлі Виталий Глушковқа қатысты сот үкімі енді шықты. Сотталушы алдағы тоғыз жылын түрмеде өткізетін болады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Соңғы тапсырыс…
Андрей Белоконенконың өліміне әкелген оқиға 8 маусым күні болған. Бұл күні православ дінінің өкілдері Троица мерекесін атап өтті. Екі дос – Виталий Глушков пен Николай Чекунов мерекені атап өтуді ұйғарады. Әдеттегідей, арақ ішіледі. Өздеріндегі ішімдік біткесін, екеуі Глушковтың үйіне барып, отырысты сонда жалғастырады. Бірақ бұл да аз болып, көңіл көтеру үшін Есіл өзені жағасына бармақ болады. Жолай тағы бір бөтелке арақ алып, өзен жағасында отырады. Кейін Чекунов «Троечка» такси қызметіне қоңырау шалады. Шақыруға 60 жастағы Андрей Белоконенко келеді. Бұл оның өміріндегі соңғы тапсырыс болды.
Ер адамдар көлікке отырады. Чекуновтың айтуынша, жол бойы үнсіз отырған. Көрсетілген мекенжайға жеткенде өзі таксиге төлеп, сыртқа шығып кетеді. Ал Глушков машинада қалады.
«Мен Виталийдің шықпай отырғанын байқадым. Қарасам, ол көліктің ішінде шылым тұтатып жатыр екен. Жүргізуші оның аузынан темекіні жұлып алып тастады, бұл бірнеше рет қайталанды. Виталий қайта-қайта шылым тұтатпақ болды, бірақ жүргізуші қарсы болды», – деп куәгерлік еткен Чекунов.
Сот отырыстарында куәгер сөзін бірнеше рет өзгертті. Мәселен, алғашында Глушков бірнеше соққы жасады десе, кейін ол сөзінен айнып, тек екі-үш рет қана соққы жасады деп айтты.
«Жүргізуші көліктен шығып, Виталийді сыртқа шығарып тастамақ болды. Сол кезде Виталий көліктен атып шығып, жүргізушіге бірнеше рет соққы жасай бастады. Соққылардан ер адам жерге құлады», – деді куәгер.
Бірақ соққы мұнымен тоқтамаған. Глушков құлаған таксисті аяусыз ұра берген. Бұл сұмдықты сол маңда жүрген адамдар да көрген. Шіркеу маңында ол күні адам көп болған. Оқиға сәті бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Сол жазба басты айғақ ретінде сотта қаралды.
Жедел жәрдем келген сәтте зардап шегуші ес-түссіз жатқан. Дәрігерлер оның өмірі үшін бес күн күресті, бірақ аман алып қала алмады.
9 жыл түрмеде
Виталий Глушков ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 3-бөлігі («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда адам өліміне әкелу») бойынша қылмыстық жазаға тартылды.

«Виталий Глушковты қылмыстық құқықбұзушылық бойынша кінәлі деп танып, оған тоғыз жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілсін. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесіндегі қауіпсіздігі орта мекемеде өтесін. Светлана Белоконенконың азаматтық талабы толық көлемде қанағаттандырылсын. Зардап шегушінің материалдық шығыны ретінде Виталий Глушковтан 998 584 теңге өндірілсін», – деді сот үкімін оқыған судья Әсем Джаналина.
Сонымен қатар, сотталушы Андрей Белоконенконың жесіріне моральдық өтемақы ретінде жеті миллион теңге төлеуге міндеттелді.

«Қайта арызданбаймын, бірақ тоғыз жылдан ұзақ мерзімге соттау керек еді. Менің күйеуім енді қайтып келмейді. Ол жоқ. Біз 25 жыл бірге тұрдық. Ол ұрыс-төбелестен аулақ жүретін. Тоғыз жылдан да ұзақ мерзімге отырғызу керек еді. Глушковтың өзі де, анасы да кешірім сұрап келді. Анасының шын көңілден кешірім сұрағаны көрініп тұрды. Бірақ, сотталушының өкініп тұрғаны білінбеді»,-дейді Светалан Белоконенко.
Тағы оқыңыз: СҚО-да әлеуметтік қорғау жүйесінің 30 қызметкері құрметке бөленді

