«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Петропавлда ерекше акция ұйымдастырылды. Бұл жолы қалалық жастар ресурстық орталығы байқау түрінде «Табиғат трендте» атты іс-шараны өткізді, деп жазады Qazaqstan Media.
Бұл жолғы экологиялық акция сенбілікке, қоқыс тазалауға емес, оны игеруге, қайта өңдеуге арналды. Мысалы, іс-шара аясында Петропавлдың кәсіпкерлері мен эко-блогерлері қолданыста болған заттарға екінші өмір сыйлап, оны көпшілікке ұсынды.
Әсел Шакимова ұлымен бірге экологиялық таза заттарды қолдануға, қалдықтарға екінші өмір сыйлауға тырысады. Экологиялық акцияға өзі қолдан жасаған ыдыс жуғыштарды, перделерден тігілген сәнді сөмкелерді алып келіпті.

«Менің ұлым 11-де. Ол түсі өңіп кеткен ақ футболкаларды түрлі түске бояп, жаңа реңк беруде. Ол үшін қаладағы комиссиялық дүкендердің бірімен келісіп, киілген ақ түсті футболкаларды аламыз. Өзім болса, түрлі шыны шишалардан стакандар жасаймын. Ескі перделерден әдемі шоперлер тігемін. Сосын ыдыс жуғыштарды тоқимын. Әзірге бұл бағыт бізде енді жанданып жатыр. Біз өзімізді ғана емес, қоршаған ортаны да ойлауымыз керек. Экологияға зиян келтірмеуге тырысуымыз керек», – дейді эко-блогер.
«Табиғат трендте» іс-шарасы аясында жастар арасында командалық байқаулар да өтті. Мектеп жасындағы оқушылар оған қуана қатысты. Әр құрама өзінің ұранын, қалдықтардан жасалған сәнді киімдер дефилесін көрсетті.
«Ұйым атынан үш құрама қатысып отыр. Әр командада бес адамнан. Жастары да әртүрлі. Бізге байқау туралы алдын ала хабар берілді. Құрамалар дайындалып келді. Оқушыларымыз экологиялық акцияларға үнемі қатысып отырады. Баланы жастайынан тазалыққа, табиғатты аялауға үйретуіміз керек», – деді қалалық балалар мен жасөспірімдердің мектептен тыс жұмыс орталығының әдіскері Татьяна Науменко.
«Табиғат трендте» акциясы аясында шеберлік сағаттар да ұйымдастырылды. Онда кез-келген жан пластик бөтелкелерден ойыншық жасап, экологиялық сөмкелерді істеп үйренді. Сондай-ақ, қоқысты қайта өңдеуді көзбен көрді.

«Бүгінгі іс-шара өте жақсы, танымды. Бізге тек қоршаған ортаны жинап, сүртіп қана қоймай, тұрғындар, жастар арасында экологиялық мәдениетті дамыту өте маңызды. Бұл қалада өткізілген осындай екінші іс-шара. Жастар белсенді қатысып жатыр. Мұндай іс-шаралар табиғаттың мәселелерін көпшілікке жеткізуге керемет мүмкіндік», – деді қазылар алқасының мүшесі Александр Зель.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы көпбейінді аурухананың құрылысы 2026 жылдың желтоқсанында аяқталады