Петропавлда төбелес кезінде 40 жастағы ер адам екі азаматты пышақтап тастады. Қазір зардап шеккендерге ота жасалған. Олар жансақтау бөлімінде жатыр, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Төбелес 13-ші мамыр күні облыс орталығындағы Егемен Қазақстан көшесінде болды. «102» номеріне хабарлама түскеннен кейін, полицейлер бірден оқиға орнына келіп, пышақ жарақатын алған екі адамды анықтайды. Белгілі болғандай, жанжал кезінде оларға 40 жастағы ер адам пышақ сұққан.
«Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті ҚР ҚК «Адам өлтіруге оқталу» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне тіркелді», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Ал зардап шеккен екі азамат қазір ауруханада жатыр. Екеуіне де ота жасалыпты. Жағдайлары ауыр, тұрақты. Қарқынды терапия, реанимация және анестезиология бөлімшесінде ем қабылдауда.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қос бірдей шенеунік қамауға алынды