СҚО ТЖД қызметкерлері Петропавлдағы жеке тұрғын үй секторын аралап, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Сондай-ақ мамандар баспаналарда улы газды анықтайтын датчиктер орнатты, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Елімізде желтоқсанның бірінен «Өрт қауіпсіздігі айлығы» басталды. Осыған орай Петропавлда ТЖД қызметкерлері, полицейлер, ҰҰ сарбаздары, Amanat партиясының өкілдері, еріктілер және студенттердің қатысуымен ауқымды шара өтті.
«Қыс маусымы басталғанда төтенше жағдайлардың саны артады. Сондықтан тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірудің маңызы зор. Бұл біз үшін басты назарда. Осында жиналған баршаңызға алғысымды білдіремін», — деді облыс әкімінің орынбасары Қанат Дүзелбаев.
Бірнеше топқа бөлінген мамандар жеке тұрғын үй секторын аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп, жаднамалар таратты. Сондай-ақ бір мыңға жуық тұрмысы төмен отбасының үйіне улы газды анықтайтын датчиктерді тегін орнатып берді. Аталған құрылғы ауа құрамында улы газдың концентрациясы артқанда дабыл қағып, үй иелеріне белгі береді. Мұндай қондырғы Ғалым Мусиннің үйіне де орнатылды. Ол жұбайымен бірге Жұмысшы кентіндегі алты пәтерлі тұрғын үйде тұрады.
«Пештің маңында отындарымыз кептіріліп жататын. Мамандар олай істеуге болмайтындығын айтып, тегін датчик орнатып кетті. Өте ризамыз», — деді қала тұрғыны.
Айта кетейік, мұндай шаралар өңіріміздің барлық аудандарында да ұйымдастырылды. ТЖД мамандары келешекте алдын алу шараларын күшейтуді жоспарлап отыр.
«Жыл басталғалы өңірде 404 өрт оқиғасы тіркелген. Қызыл жалын 30 солтүстікқазақстандықтың өмірін жалмады. Олардың үшеуі бала. Көп жағдайда өрт пеш жағу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындайды. Сондықтан осындай шаралар барысында тұрғындарға оның барлығын тағы бір түсіндіріп өтеміз», — дейді СҚО ТЖД басқармасы бастығының орынбасары Аян Құсайынов.
Тағы оқыңыз: СҚО-да алдағы демалыс күндері аяз көтеріледі