СҚО-да су тасқынынан зардап шеккен жандарға өтемақы төлеу жалғасуда. Күн сайын Петропавл қалалық әкімдігінің мамандары тұрғындардан өтемақы алуға 100-ге жуық өтініш қабылдайды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Тасқыннан зардап шеккен жандардың бірі — Асхат Өндіріс. Оның отбасында 10 адам бар. Айтуынша, бірнеше жыл бойы тұрғызған үйін бір мезетте-ақ су басқан. Бар жиған мүлкі де жарамсыз болып қалған. Қала тұрғыны апатты деп танылған баспанасының орнына облыс орталығынан 3 бөлмелі пәтер алған.
«Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан барлық көмекті алып жатырмын. 100 АЕК көлемінде қаржы беріліп еді басында, енді тағы 150 АЕК берді. Барлығына қанағат. Үкіметке рахмет, далада қалдырып жатқан жоқ ең бастысы. Барлығын түсіндіріп, міне баспаналы болып жатырмыз», — деді Асхат Өндіріс.
Тағы оқыңыз:Қазақстанда еңбек шартына eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы қол қоюға болады