Петропавлға Қазақстан-Ресей медициналық университетінің дәрігерлері келді. Олар су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды тегін медициналық тексерістен өткізіп жатыр, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Жылжымалы медициналық пункт Петропавлға 21-ші сәуір күні келді. Ондағы сегіз маман тасқын судан зардап шеккен азаматтарды қабылдауда. Осыған дейін олар Қостанай қаласында болған.
«Қазақстан-Ресей медициналық университеті 2009 жылдан бері төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге тегін көмек көрсетіп келеді. Бізде сегіз дәрігер жұмыс істейді. Олардың ішінде кардиолог, психолог, офтальмолог, УДЗ маманы, рентгенолог бар. Барлық мамандар қажетті құралдармен жабдықталған. Біз нақты эвакуациялық пунктерде жұмыс істеп жатырмыз. Бір апта бойы Солтүстік Қазақстан облысында болып, барлық зардап шеккен тұрғындарды қамтуға тырысамыз», — деді Қазақстан-Ресей медициналық университетінің үйлестіруші Александр Вдовцев.
Екі күн ішінде дәрігерлер 50-ден астам азаматты қабылдап үлгерген. Көбіне тұрғындар көз, жүрек дәрігеріне көп жүгініпті. Былғары зауыты шағын ауданының тұрғыны Юрий Голоуздың баспанасын су басып, қазір ол уақытша жатақханада тұрып жатыр.
«Кеше жексенбі, демалыс болса да олар жұмыс істеп, біздерде қабылдады. Тұрғындардың көбі қаралды. Мен флюорографиядан өтіп, көзімді тексерттім. Көзілдірік тағу керек екен», — дейді Юрий Голоуз.
Тағы оқыңыз: Мамыр айында қазақстандықтар 11 күн