Петропавлда тасқынынан зардап шеккендерге салынып жатқан үйлердің құрылысына студенттер тартылады. Жастар құрылыс нысандарында ақылы еңбек етіп, жазғы демалыстарын тиімді өткізе алады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавлда құрылған «Ауыл жастары» құрылыс жасағының құрамында 40-тан астам адам бар. Тағы 40 студент резервте тұр. Ол құрылыс колледжі мен жергілікті университет студенттерінен жасақталған. Айлық еңбекақы мөлшері 250-350 мың теңге болмақ.
«Мемлекет басшысы тасқыннан зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуді тапсырды. Облыста бұл бағытта кешенді жұмыстар атқарылуда. Президенттің үндеуін республикалық ауыл партиясы қолдап, құрылыс жасақтарының жандануына бастамашы болды», — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Мұхаммедәмин Уәлихан – Оңтүстік Қазақастан облысы, Қазығұрт ауданының тумасы. Солтүстікке отбасымен көшіп келгеніне бірнеше жыл болған. Қазір студент жергілікті құрылыс колледжінің 3 курсында оқып жатыр. Арнайы жасақ құрамында еңбек етіп тәжірибе жинамақ ниетте.
«Мен кішкентай кезімде әкеммен бірге ауылда құрылыс басында жүретінмін. Содан құрылыстан хабарым бар. Үш ай демалысымды осы жерде тиімді өткіземін деп шештім. Әрі айлық та береді. Және тасқыннан зардап шеккен отбасыларды тезірек баспаналарына кіргізу керек. Осы жұмыстарға көмектессем деген ниеттемін», — деді студент
Студенттерден құралған арнайы жасақ «Солнечный – 2» кентінде еңбек етеді. Қазір онда 500 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жастар таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Түскі аспен де қамтылады. Құрылысқа жұмыс қолы жетіспеген жағдайда Қарағанды қаласындағы университеттен де жастар тартылмақ.
«Су тасқыны басталғалы ауыл партиясы жанынан жедел штаб құрдық. Алдымызға екі мақсат қойдық. Бірінші ол жастардың құрылыс кезіндегі қауіпсіздігі. Екіншісі енді олар жас азаматтар болған соң табыс табуы керек. Сондықтан осы екі айда кем дегенде 450-500 мың теңге табады деп есептеп отырмыз. Арнайы келісімшартқа да отырады. Барлық жұмыстар біткенше қадағаланады», — деді «Ауыл» ХДП партиясының төрағасы Серік Егізбаев.
Тағы оқыңыз:СҚО-да Орталық Азиядағы ең үлкен сүт кешенің құрылысы басталды