Петропавл қаласындағы №50 түзеу мекемесінде жазасын өтеуші әйелдерге бейнетаксофон жүйесі іске қосылды. Жаңа жүйе арқылы сотталған әйелдер жақындарымен бейнеқоңырау арқылы сөйлесе алады, деп жазады Qazaqstan Media.
Сотталушының әрбіріне жеке ID-код берілген. Олар тек жеке ісінде тіркелген телефон нөмірлеріне хабарласа алады. Туыстары Google Play арқылы «Soilephone» қосымшасын жүктеп алып, байланыс ақысын өздері төлей алады.
Бейнеқоңыраудан бөлек, аудио және бейнехабарлама, SMS алмасу қызметі қолжетімді. Барлық ақпарат қорғалған серверде сақталады, бұл дербес мәліметтердің сенімді қорғалуын қамтамасыз етеді.
Жоба облыс прокуратурасының, Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің және «Жас Тарлан» ЖШС-нің қатысуымен іске асырылуда. Бастама, ең алдымен, кәмелетке толмаған балалары бар аналарға жағдай жасауды көздей отырып, қамаудағы азаматшалардың тұрмыс жағдайын ізгілендіруге бағытталған. Бұл арқылы сотталғандардың күйзеліске түсуі төмендеп, отбасылық байланыстарды сақтау көзделген.
Тағы оқыңыз: СҚО-да ЖРВИ жұқтырғандар саны артуда