Петропавлда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығына орай республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Сондай-ақ, оның еңбектері таныстырылып, өмірі мен қызметіне арналған фото және кітап көрмесі ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.

Жиынға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Өңір басшысы өз сөзінде Смағұл Сәдуақасовтың ел тарихындағы орны мен оның ұлт болашағы үшін атқарған еңбегін ерекше атап өтті.

Сондай-ақ жиын барысында облыс әкімі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығына арнап жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Президент өз құттықтауында көрнекті қайраткердің ел тарихындағы орны мен ұлт мүддесі үшін сіңірген еңбегін жоғары бағалап, оның мұрасы бүгінгі және болашақ ұрпақ үшін үлгі екенін атап өтті.

«Смағұл Сәдуақасұлы халқымыздың біртуар перзенті. Ол күрделі кезеңде маңызды мемлекеттік шешімдер қабылдауға атсалысып, ұлттың рухани, мәдени және саяси дамуына зор үлес қосты. Жасындай жарқ еткен қысқа ғұмырында ел үшін аянбай еңбек етіп, артында өшпес із қалдырды. Қазақ баспасөзін дамытуға белсене ат салысты. Халқымыз Смағұл Садуақасұлының есімін ешқашан ұмытпайды. Оның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі. Бүгінгі алқалы жиында арда азаматтың елге сіңірген еңбегіне және шығармашылығына қатысты тың ойлар мен салмақты пікірлерін айта алады деп сенемін», — делінген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында.

Петропавлда Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығына арналған республикалық конференция өтті
Петропавлда Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығына арналған республикалық конференция өтті

Смағұл Сәдуақасов — ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көрнекті өкілі, Алаш қозғалысының белсенді мүшесі. Ол күрделі кезеңдерде ұлт мүддесін қорғап, тоталитарлық жүйеге қарсы тұрды. Ол 1933 жылы бар болғаны 33 жасында Мәскеу-Донбасс темір жол құрылысындағы апат кезінде қайтыс болды.

Петропавлда Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығына арналған республикалық конференция өтті
Петропавлда Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығына арналған республикалық конференция өтті

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Баянғали Әлімжан конференция барысында сөз сөйлеп, Смағұл Сәдуақасов туралы жазған «Смағұл ішкен у» атты поэмасы мен осы поэма негізінде жазылған пьесаның дүниеге келу тарихын баяндады. Ол аталған туындының мерейтой аясында «Смағұл шыңы» деген атаумен сахналанып, елге тарту ретінде ұсынылатынын жеткізді.

«Смағұл Садуақасұлын жастайымыздан естіп өстік. Ескі кітаптардан оқып жүрдік. Ол кісінің еңбегі мен ерлігі туралы жазушылар арасында көп айтылады. Мен ол кісі туралы «Смағұл ішкен у» деген поэма жаздым. Кейін осы поэманы пьесаға айналдырдым. Бүгін сол туынды «Смағұл шыңы» деген атпен сахналанып, осы тойға тарту ретінде ұсынылып отыр. Смағұлдың тағдыры, сүйегін Мәскеуден алып келу оқиғалары, бәрі осы пьесада қамтылды. Кейіпкерлердің прототипі өмірде жүрген азаматтардан алынған», — деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Баянғали Әлімжан.

Петропавлда Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығына арналған республикалық конференция өтті
Петропавлда Смағұл Сәдуақасовтың 125 жылдығына арналған республикалық конференция өтті

Конференция барысында ғалымдар мен зерттеушілер Сәдуақасовтың саяси көзқарасы, публицистикалық еңбектері және оның қазақ қоғамының дамуына қосқан үлесі туралы баяндамалар жасады.

 

Тағы көріңіз: Петропавлда оқушы қыздар жасөспірімді ұрып-соғып, ақша бопсалаған

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *