Петропавлда Жаңа жыл мерекесіне әзірлік жалғасып жатыр. Дайындық жұмыстарына мына ұл-қыздар да кіріскен, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Шығармашылыққа жақын және мүмкіндігі шектеулі балалар экологиялық материалдардан ойыншықтар әзірлеуде. Кәдеге жаратылатын заттар — пластик, қағаз, картон және өзге де дүниелер. Диана Маратова — шеберлігімен тәнті ететін жастың бірі. Ол алдағы мереке ерекше есте қалғанын қалайды.

«Мен шығармашылық үйірмеге біраз уақыт қатысамын. Сурет салып, бұйымдар жасаған ұнайды. Біз қазір қағаздан Аяз ата істеп жатырмыз. Бұған дейін де жасап көрген едім. Жақсы шықты. Бүгінгі іс-шараға арнайы әдемі көйлегімді киіп дайындалып келдім», — деді оқушы Диана Маратова.
Жаңа жылға дайындалып жатқан қылықты балалар — 5 пен 14 жас аралығындағы ұл-қыздар. Шеберлердің басын қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері қосты. Жасалған ойыншықтар пайдаға асады. Олар ерекше үлгідегі шыршаға ілінеді.

«Біз бұл акцияны «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында өткізудеміз. Республикалық жобаның мән-маңызын көпшілікке ұғындыру, жастарымызға түсіндіру мақсатында экошырша әзірледік. Соған ойыншықтардың барлығы ілінеді. Мақсатымыз — тазалықты қолдау, ұл-қыздарға қуаныш сыйлау. Шараға «Солнечный дом» қоғамдық қорына мүшелік ететін балаларды арнайы шақырдық. Олар да мерекелік көңіл-күйді осы күндерден сезінуі тиіс», — деді Петропавл қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Дамир Әбдин.
Қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері құр қол келмеген. Олар ғажайыпқа толы мейрамды асыға күткен балаларға сыйлықтар әкеліпті. Шара соңында ұйымдастырушылар ұл-қыздарға базарлықтарды үлестіріп, алдағы мерекемен құттықтады.
Тағы оқыңыз: Жамбыл ауданында өртте үй иелері қаза болды

