Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы Петропавлдағы сауда желісінің басшылығынан ақша бопсалағандарды ұстады, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Сауда желілерінің бірінің директорының арызы бойынша жедел іс-шара жүргізген СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жәбірленушіден 50 млн теңге ақша бопсалағаны үшін Петропавлдың екі тұрғынын ұстады. 33 және 34 жастағы екі жігіт әлеуметтік желілерде тұтынушылардың құқықтарын қорғауға арналған ресурстардың авторлары ретінде көпшілік арасында жақсы таныс. 2022 жылдың басынан бастап тұтынушылардың құқықтарын қорғауды ұран еткен ер адамдар Петропавлдың сауда нүктелерінде рейдтер жүргізіп отырған. Блогерлер ретінде сауда желісі қызметкерлерінің қатысуымен арандатушылық сипатындағы бейнероликтер түсіріп, полиция мен өздері арасында жанжалды жағдайлар туғызған. Алайда олар желідегі аудитория арасында зор танымалдыққа ие болмаған. YouTube арнасы мен Instagram желісінде бірнеше мың жазылушысы бар, көпшілігі СҚО тұрғындары. Арандатушылық пен жанжалдар кезінде мерзімі өткен өнімді сату фактісін желеу етіп жүрген. Алайда кей жағдайларда — шоколад, сусындар сияқты тауарлардың ақшасын төлемей өздерімен бірге алып кетіп отырған. Күдіктілер рейтдік шараларымен бірге мемлекеттік органдарға сауда орындарында анықталған заң бұзушылықтар туралы шағымдарды жіберген. Осындай әрекеттері арқылы бизнесті жоспардан тыс тексеруге себепші болды. Қыркүйек айының басында жастар бопсалау арқылы сауда желісінің өңірлік директорынан өз әрекеттерін тоқтатуға 50 млн теңге сомасында ақша талап еткен. Алайда жігіттердің арам ойлары іске аспады. Оларды СҚО ПД ҰҚҚКБ қызметкерлері бопсалау арқылы талап етілген соманың 5 млн теңге көлеміндегі бір бөлігін алып жатқан жерінде ұстады.
ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабы 2-бөлігі 2-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір тінту шаралары мен тергеу әрекеттері жүргізілуде, олардың нәтижелері бойынша түпкілікті процестік шешім қабылданатын болады.
Тағы оқыңыз: Инфрақұрылымның жоқтығынан кәсіпкерлер зауыттың құрылысын бастай алмай отыр