Петропавл қаласында «Сапалы білім – ұлт болашағы» атты педагогикалық форум ұйымдастырылды. Жиынның басты мақсаты – білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылап, олардың шешу жолдарын қарастыру болды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Форум аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылып, оған облыстың барлық мектептерінен оқушылар шақырылды. Сонымен қатар, кәсіптік бағдар беру мамандарына арналған тренингтер өткізілді. Бұл тренингтерге 90-нан астам адам қатысып, кәсіби бағыт-бағдар беру бойынша білімдерін жетілдірді.

Іс-шара барысында Қозыбаев университеті облыстық білім басқармасымен бірлесіп жүзеге асырған үш жобаны таныстырды. Бұл жобалар білім беру саласындағы инновациялық тәсілдерді енгізуге бағытталған.
«Біздің бүгінгі жиындағы басты мақсатымыз- білім саласындағы мәселелерді ортаға салып, оның шешілу жолын іздеу. Қозыбаев университеті форум аясында кәсіптік бағдар беру мамандарына арнап курс өткізген болатын. Оған 90-нан астам адам қатысты. Біз сол курсты бүгін аяқтап, қорытындылап жатырмыз. Ал, бос орындар жәрмеңкесіне облыстың барлық мектептерінен оқушылар шақыртылды»,-деді М. Қозыбаев атындағы СҚУ басқарма мүшесі Айгүл Нүрпейісова.

Форумға облыстың түкпір-түкпірінен келген білім саласының мамандары қатысып, тәжірибе алмасып, өзекті мәселелерді талқылады.
