СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қызғаныштан сүйіктісі мен оның бұрынғы жігітін балтамен ұрып, жарақаттаған ер адамға үкім шығарды. Енді ол 15 жылын темір тордың ар жағында өткізетін болады, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Кісі өлтіруге оқталу бабы бойынша айыпталып отырған 43 жастағы Виталий Бондаренко осыған дейін үш рет істі болған. Ешқайда жұмыс істемейді. Бірақ ішімдікке үнемі ақша табылған. Қылмыс жасаған уақытта да Бондаренко мас болған. Сөйтіп, бұрынғы жігітімен жатқан сүйіктісін көрген ол, қызғаныштан екеуін балтамен ұрғылап тастаған. Салдарынан 34 жастағы Тимур Мухтановтың саусағы сынып, тағы бірқатар жарақат алған. Ал Людмила Бобырко басынан жарақат алып, миы шайқалған. Бондаренконы Людмиланың сіңілісі Татьяна Бобырко тоқтатпағанда ол екеуін де өлтіріп тастауы мүмкін еді.
Бірақ мұнымен айыпталушы келіспеді. Сот отырысы барысында ол ешкімді өлтіргісі келмегендігін айтты.
«Тамыздың 4-і біз Дмитрий Карасевтің үйінде болдық. Кейін отырысқа Людмила мен Татьяна Бобырко қосылды. Ал кешке таман Тимур Мухтанов келді. Барлығымыз ішімдік ішіп отырдық. Бір кезде ол Людмилаға тиісе бастады. Мен бір-екі рет ескерту жасадым. Содан ол мені бетімнен ұрып қалды. Қан кетіп, Людмила сүрте бастады. Сөйтіп, біз басқа бөлмеге ұйықтауға кеттік. Ал таңертең тұрсам, Людмила басқа бөлмеде оның қасында жатыр. Осыны көріп, шыдай алмадым. Өйткені, біз Людмиламен бір жыл кездесіп жүрдік. Сосын далаға шығып, қолыма түскен затты алып келіп, Тимур Мухтановты ұрып қалдым. Оның балта екенін де аңғармадым. Екінші рет балтаны көтере бергенде Татьяна келіп қолымнан тартты. Сол кезде соққы Людмиланың басына тиді», — деді айыпталушы Виталий Бондаренко.
Ал Людмила Бобырко мұның бәрін жоққа шығарып, ешқандай жанжал болмағандығын, тіпті Бондаренкомен бір рет қана төсектес болғандығын айтты. Содан кейін екеуі екі жаққа кеткен.
Бүгін СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты осы іске қатысты үкім шығарды. Сот Виталий Бондаренконы ҚР ҚК 24 бабы 3 бөлігі және ҚР ҚК 99 бабы 2 бөлігі 1, 3 тармақтары бойынша кінәлі деп тауып, 15 жылға бас бостандығынан айырды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа деңгейдегі мекемеде өтейтін болады.
«Сіздің дәрменсіз күйде жатқан екi адамды өлтіруге оқталғаныңыз толық дәлелденді. Жазаны жеңілдететін жағдайлар анықталмады. Ал жазаны ауырлататын мән-жай ретінде сіздің қылмыс жасаған уақытта мас күйде болғаныңыз ескерілді. ҚР ҚК 99 бабының 2 бөлігінде 15 жылдан 20 жылға дейін не өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Дегенмен сот сіздің қылмысты аяғына дейін жеткізбегеніңізді ескеріп, 15 жылға бас бостандығынан айырды», — деді үкімді түсіндірген СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Айдарбек Беккужинов.
Сондай-ақ айыпталушы Тимур Мухтановқа 300 мың теңге, ал Людмила Бобыркоға бір млн теңге моральдық өтемақы төлеуі тиіс.
Тағы оқыңыз: Петропавлдағы Янгуразовтың үйі мәдени орталыққа айналады