Петропавл қаласында Республика күніне арналған мерекелік шара өтті. Бұл Қазақстанның тәуелсіздігін білдіретін маңызды ұлттық мереке. Салтанатты жиын қаланың орталық алаңында ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Мереке басты алаңда ту көтеру рәсімінен басталды. Ұлттық ұлан академиясының оркестрі Қазақстанның гимнін орындады.
Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері балалар мен ересектерге арналған мерекелік бағдарлама әзірлепті. Ол интерактивті ойындар, Қазақстанның пазл-картасы, елдің маңызды тұлғалары мен қазақ тілін білу бойынша викториналар. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар мен кәдесыйлар берілді.
Шухов атындағы кітапхана қызметкерлері де қала тұрғындары үшін интерактивті шаралар ұйымдастырған. Олар көшпенділердің дәстүрлі ойындарына басымдық берген.
Заречный ауылының тұрғыны Денис Сухарев мерекелік шараны тамашалауға арнайы келген. Айтуынша, шара басталғаннан орталық алаңда жүр.
«Бұл біз үшін өте маңызды мереке. Ол еліміздің тәуелсіздігін тағы бір мәрте айқындайды. Бүгін алаңда өте көп адам жиналған. Бұл қуантады, көңіл-күйді көтереді. Мен бірнеше ұлттық ойындарға қатыстым, бірақ ештеңе ұтпадым. Мен үшін ең басты сыйлық — Отанымыздың амандығы. Барлығын мерекемен құттықтаймын», — деді Денис Сухарев.
Алаңға келгендердің қатарында Сабина Балбышева да бар. Ол мерекеге қыздарын ала келген. Бүгінгі ауа райының қолайсыздығына қарамастан, мерекені тойлауды жөн көрмген.
«Мен балаларымды Республика күні мерекесінің қалай өтетінін көрсін деп арнайы алып келдім. Оларға ойындар қатты ұнады. Қатысып, сыйлықтар ұтып алды, өте риза», — деді Сабина Балбышева QM тілшісіне.
Қала тұрғындары мен қонақтары үшін концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Театрлық көріністер, хореографиялық ансамбльдер мен вокалдық топтар өнер көрсетті.
Тағы оқыңыз: СҚО ПД бастығының жаңа орынбасарлары тағайындалды