Петропавлда Республика күніне орай салтанатты шара өтті

Солтүстік Қазақстан облысында Республика күні қарсаңында салтанатты жиын өтті. Мерекелік шара барысында еліміз бен облысымыздың дамуына елеулі үлес қосқан жерлестеріміз түрлі мемлекеттік наградалармен марапатталды, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

Еліміздің басты мерекелерінің бірі – Республика күніне арналған салтанатты шара С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында өтті. Залға жиналғандарды айтулы күнмен облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов құттықтады.

Петропавлда Республика күніне орай салтанатты шара өтті

«Республика күнінің мемлекет басшысының бұйрығымен қайтарылуы тарихи шешім болды. Қайта жаңарған Республика күні, елдігімізді нығайтатын, халық рухын көтеретін дата. Үш он жылдықта ынтымақтастықтың арқасында Қазақстан биік белестерді бағындырды. Енді оны бағалап, одан әрі дамыту біздің үлкен парызымыз. Облыста жаңа жобалар жүзеге асырылып, экономикамыз дамып келеді.
Өңір тұрғындары су тасқыны кезінде ауызбіршілік танытты. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетілді. Осындай сәтте қол созған барлық азаматтарға алғысым шексіз», — деді өз сөзінде облыс әкімі.

1990 жылғы 25 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі тәуелсіз Қазақстанның бірінші құқықтық құжаты — Республиканың егемендігі туралы декларацияны қабылдап, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретіндегі саяси-құқықтық негізін жариялады. Бүгінде Қазақстанның саяси және экономикалық салалардағы, сондай-ақ әлемдік аренадағы жетістіктерін мақтанышпен айтуға болады.
Мереке қарсаңында мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азаматтар Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларын алды. Оларды облыс әкімі табыстады.
Солтүстікқазақстандықтар Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен «Құрмет», «Еңбек Даңқы-ІІІ дәрежелі» ордендерін және «Ерен еңбегі үшін», «Ерлігі үшін» және «Шапағат» медальдарын алды.
Кеудесіне медаль таққандардың бірі ардагер ұстаз — Әлия Малдыбаева. Талай жыл ұстаздық еткен зейнеткердің өңіріміз бен еліміздің білім саласына сіңірген еңбегі орасан. Ол ұстаздық жолында республикалық, облыстық газет-журналдарда 300-ге тарта мақала жариялаған. Үш әдістемелік құралдың авторы. «Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері» деген атағы да бар.

Петропавлда Республика күніне орай салтанатты шара өтті

«Бүгінгі мереке — басқа мерекелерден әлдеқайда маңызды, әлдеқайда биік. Бұл ел бірлігінің, елдігінің, тәуелсіздігінің символы. Республика күні- ол Қазақстанның жеке мемлекет екенін көрсетеді. Сондықтан бұл мерекеде ардагерлерді ұмытпай шақырып, марапаттағандарына қуаныштымын. Жас ұрпақ осы еңбегімізді жалғастырып, мемлекетімізді жан-жақты, түрлі салада дамытса деп тілеймін», — дейді Әлия Малдыбаева.

Сахна төріне шығып, қошеметпен медаль алғандардың қатарында аудан басшылары да болды. Мысалы, Ғ. Мүсірепов ауданының әкімі Руслан Аңбаев «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. Ол еңбек жолын қарапайым маман болып бастап, аудан әкімі лауазымына дейін көтерілді. Бір кездері облыс орталығында да басшы болды.

Петропавлда Республика күніне орай салтанатты шара өтті

«Бүгінгі марапат мен үшін ерекше. Ол менің ғана емес, мен басқарып отырған ауданның жетістігі деп білемін. Себебі, қазірі кезде Ғ. Мүсірепов ауданы — облыстағы ең ірі аудандарды бірі. Және әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан алдыңғы қатардамыз. Бұл ауыл азаматтарының еңбекқорлығының, өз жұмыстарына деген сүйіспеншілігін білдіреді. Өз кезегінде мен де адал еңбек етіп, еліміз бен облысымыздың дамуына үлесімді қосуға тырысамын. Мереке баршамызға құтты болсын. Еліміз гүлдене берсін!», — деген тілегін жеткізді Руслан Аңбаев.

Салтанатты жиын соңы жергілікті өнерпаздардың концертімен аяқталды.

Тағы оқыңыз: Петропавлда Samruk-Kazyna Trust КҚ қолдауымен креативті хаб ашылды

Please follow and like us:
Subscribe
Notify of
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
0
Would love your thoughts, please comment.x
()
x