Петропавлда полиция қызметкрелері ер адамның өмірін өрттен сақтап қалды. Олар оттың арасынан 35 жастағы ер адамды аман алып шықты, деп жазады Qazaqstan Media.
Оқиға 16-шы қыркүйекке қараған түні болған. Островский көшесіндегі тұрғындардың бірі қарсы беттегі үйден өрт шыққанын байқап, бірден телефон арқылы жан-жақты хабарлай бастайды. Өрт жайлы ақпарат қалалық полиция басқармасының екінші бөлімінің кезекші бөліміне сағат 01:42-де түсткен. Ал, учаскелік инспектор Жалғас Масанов пен патрульдік полиция батальонының қызметкері Жақсылық Көжелдәков сол маңда полиция пунктінде болыпты. Олар уақытты жоғалтпау үшін өрт шыққан үйге жаяу жеткен. Полицейдер келген кезде үйдің бұрышы жанып жатқан. Есікті іштен құлыпталу болыпты.

«Есік іштен жабық болды. Көршінің көмегімен аштық. Үйдің есігі де іштен құлыпталған екен. Ішке кіргенде ер адамды көрдік, ұйықтап жатыр екен. Біз оны ояттық» — деп еске алады Петропавл қ. полиция басқармасының екінші бөлімінің учаскелік инспекторы Жалғас Масанов.
Жедел әрі үйлесімді әрекет еткен тәртіп сақшылары 35 жастағы тұрғынды оятып, ең қажетті заттарын алуға көмектесіп, сыртқа шығарған. Сонымен бірге газ баллонды да алып шыққан.

«Соңымыздан кірген азамат газ баллонды редуктордан шешпек болды. Қолынан келмеді. Мен оған «Шегін, өзім істеймін» дедім. Қалай болғанын өзім де есімде жоқ, санаулы секунд ішінде бәрі орындалды»- дейді Петропавл қ. полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының инспекторы Жақсылық Көжелдәков.
Құтқарылған ер адам полицейлерге алғысын жеткізуде. Олар бір адаманың өмірін құтқарып қалды.
«Басында мен ештеңе түсінген жоқпын. Бір минут та өтпей, тез сыртқа алып шықты. Егер олар болмағанда, мен қазір мұнда тұрмас едім. Оларға үлкен рақмет»- деді қала тұрғыны Талех Гурбанов.
Тағы оқыңыз: СҚО-да қаза тапқан салық қызметкерінің отбасына сот шешімі бойынша 34 млн теңге төленеді