Петропавлда Орман шағын ауданындағы жеті көшеге жаңа атау берілді. Оның ішінде Бейбітшілік, Самал, Шалқар сынды көше атаулары бар. Ономастика комиссиясының ұсыныстарын қалалық маслихат мақұлдады, деп жазады Qazaqstan Media.
Президент Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында қайталанатын атауларды азайту, ұлттық топонимдерді кеңінен қолдану және елді мекендер атауларының бірегейлігін нығайту қажет екенін айтқан болатын. Осы бағытта Петропавл қаласы да жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.
Орман шағын ауданының дамуына байланысты жаңа көшелер пайда болғандықтан, оларға атау беру қажеттігі туындады. Бұл ұсыныстарды әзірлеу кезінде қала тұрғындарының пікірлері, ардагерлер кеңесінің ұсыныстары және «Дәстүрлі атаулар», «Жер-су атауларының тарихы» топтамалары ескерілді.

Мәслихат депутаттары ономастика комиссиясы ұсынған төмендегі атауларды қолдады:
№1 көше – Бейбітшілік көшесі
№2 көше – Самал көшесі
№3 көше – Арасан көшесі
№4 көше – Шалқар көшесі
№5 көше – Өркениет көшесі
№6 көше – Мереке көшесі
№7 көше – Бурабай көшесі
Бұл атаулар өңірдің тарихи, табиғи және мәдени ерекшеліктерін бейнелейді. Сондай-ақ елді мекендердің бірегейлігін сақтау қағидаларына толықтай сай келеді.
Жергілікті атқарушы органдар ономастикалық жұмыстарды жүргізу барысында «Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыру жөніндегі әдістемелік ұсынымдар», «Дәстүрлі атаулар», «Жер-су атауларының тарихы» тізбелерін басшылыққа алған.
Тағы оқыңыз: Петропавлда Универсальная көшесіндегі көпір құрылысы мердігер ауысқаннан кейін жұмыс қарқыны артты

