Петропавлда көктайғақ салдарынан жарақат алғандардың саны күрт көбейді. Мәселен, Петропавлда бір айда 720 адам көшеде құлап жарақат алған, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Науқастардың дені егде жастағылар. Қалалық көпбейінді аурухананың жарақат бөліміндегі мамандар жағдай қиындады деп дабыл қағуда. Тек өткен демалыс күндері мұндағы дәрігерлер 120-дан астам адамды қабылдаған. Олардың 56-сы аяқ-қолын сындырып алған.
«Бір айда 720 адам көшеде құлап жарақат алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда көп. Демалыс күндері көмекке жүгінген науқастардың 17-сі ауруханаға жатқызылды. Оларға операция жасалды. Сондықтан дәрігерлер далада асықпай, айбай болу керектігін ескертеді», — деді қалалық көпбейінді аурухананың баспасөз хатшысы Екатерина Белоусова.
Өңірде тұрақсыз ауа-райы сақталуда. Салдарынан жаяу жүргіншілер жолымен аялдама маңы көк мұзға айналды. Ал коммуналдық қызметтер болса күшейтілген жұмыс режимде жұмыс істеп жатыр. Олар қысқа деп 2,5 мың текше метрден астам құм-тұз қоспасын дайындаған.