Петропавл қалалық мәдениет үйінде «Огонек на ветру» қойылымының тұсаукесері болды. Ол Тамара Макарскаяның пьесасы бойынша сахналанды, деп жазады Qazaqstan Media.
Бұл қойылым Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ауыр кезеңдерді бейнелейді. Адам жанының нәзіктігі мен үміттің күшін терең ашып көрсетеді. Бұл — қиын сынақтарға қарамастан, мейірімділікке, махаббатқа деген сенімін жоғалтпаған адамдар туралы көрініс. Қойылымның режиссері – қалалық мәдениет үйінің халықтық драма театрының жетекшісі Надежда Окунева.

«Бұл тек сахналық қойылым ғана емес, өмір, махаббат пен уақыт ағымы туралы терең философиялық ойға жетелейтін дүние. Эмоцияға толы шығарма. Фашистерге тұтынға түскен ауыл тұрғындарының тағдыры. Кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі, күресі, еркіндікке ұмтылысы мен адамгершілік қасиеттері ашылады. ҚойылымдыҰлы Жеңістің 80 жылдығына арнадық. Бейбіт күн үшін қаза болған жауынгерлерге көрсеткен алғысымыз. Ерлермен бірге нәзік қыз-келіншектердің батыл шешімдері сахналанады»,-дейді спектакль режиссері.
Сахнаға шыққан әртістердің арасында кәсіби актер жоқ. Түрлі сала мамандары бас қосып, халық театрын құрған. Оларды өнерге деген махаббат біріктіреді.

«Мен өзім медицина саласының маманымын. Бірақ,театр ұнайды. Қойылымда барлығымыз басты рөлдеміз деп айтуға болады. Ажалмен арпалысып, фашистерге тұтқынға түспеудің амалын қарастырамыз. Өліммен бетпе-бет келсе де, үміт оты сөнбейді. Сол кездегі жандардың ішкі сезімін, қорқынышын, батылдығын сомдау қиынға түсті»,- дейді халықтық драма театрының әртісі Ботагөз Саду.
Сахна төрінде театрдың 10 актері өнер көрсетті. Олар бір сағат уақыт ішінде сұрапыл жылдарындағы бір ауылдың бір күндік өмірін көрсете білді. Ауыл адамдарының жан тебіренісі, ішкі күйзелісін де жеткізді.

Тағы оқыңыз: СҚО-да өз-өзіне қол жұмсамақ болған келіншек сірке суын ішкен