Петропавл қаласында Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті базасында Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің филиалы ашылады. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Аймақ басшысының айтуынша, жаңа оқу орнының басты мақсаты – өңір жастарының басқа қалаларға кетуін азайту. Қазіргі таңда мәдениет бағытындағы колледждер болғанымен, түлектер жоғары білім алу үшін көбіне Астана мен Алматыға кетуге мәжбүр.
«Біздің өңірде шығармашылық мамандықтар бойынша жоғары оқу орны жоқ. Мұндай ЖОО Қостанайда да, Павлодарда да, Көкшетауда да жоқ», – деді әкім халықпен есептік кездесу барысында.
Жаңа филиалда алғашқы кезеңде бес мамандық бойынша білім беріледі. Биыл талапкерлерді қабылдау басталып, шамамен 100 студент оқуға қабылданады деп жоспарланып отыр.
Болашақта оқу орнына жеке ғимарат беру көзделген. Ол үшін университеттің №3 корпусын жөндеу қажет. Жоба өңірде шығармашылық білім беруді дамытуға және жас таланттарды жергілікті жерде ұстап қалуға бағытталған.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда жүргізушілеріне 2026 жылы салынатын айыппұлдардың толық тізімі

