Конститутция күніне орай облыс орталығында этномәдени фестиваль өтті. Сахнада аудандардан келген ұжымдар әр ұлттың салт-дәстүрінен көріністер қойды, деп жазады Qazaqstan Media.
Конституция күніне орай ұйымдастырылған мерекелік шаралар «Салт-дәстүр» атты этномәдени фестивальмен жалғасын тапты. Оған өңіріміздің алты этномәдени орталығы қатысты. Оның біреуі облыс орталығынан болса, қалғаны аудандардан келген ұжымдар.
Мысалы, Аққайың ауданынан екі бірдей орталық келген. Ауданмен аттас «Аққайың» бірлестігі көпшілікке қазақтың «Сырға салу» дәстүрін көрсетті.
«Біздің бірлестік 2010 жылы құрылды. Содан бері түрлі іс-шараларға белсенді түрде қатысып келеміз. Біз қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеп, жаңғыртуға ат салысып жүрміз. Бүгін «Сырға салу» дәстүрін көрсетеміз», — дейді этномәдени бірлестік мүшесі Валентина Слесарева.
Фестивальде сонымен қатар өзге ұлттардың да салт-дәстүрі паш етілді. Мысалы, Петропавлдың атынан шыққан «Кентрон» армян мәдени орталығының мүшелері «Атамхатик» салтын ұсынды. Ол баланың алғашқы тісі шыққан кезде жасалатын ырым.
Жамбыл ауданынан келген татар «Шатлык» мәдени бірлестігі жастардың «Аулак ой» ойынынан үзінді көрсетті.
«Этномәдени фестивальдің мазмұны тереңде жатыр. Алдымен ол әр ұлттың салт-дәстүрін өзгелерге көрсетіп, таныстыру. Екіншіден, жастарға тәрбиелік мәні зор. Өткенді ұмытпау керек. Үшіншіден, зайырлы мемлекетімізде барлық азамат тең құқылы. Ұлты мен тіліне қарамастан әр адам заңмен қорғалған. Біз фестиваль арқылы осыны көрсеткіміз келді», — дейді «Қоғамдық келісім» КММ маманы Анар Қаршалова.
Тағы оқыңыз: Интерактивті ойындар, концерт: Петропавлдықар Конституция күнін тойлауда