Петропавлдықтар емханада тегін берілетін дәріге қол жеткізе алмай жүр. Тұрғындар препараттар кейде жарты жылдап кешіктіріліп беріледі дейді. Өз базынасын олар облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрмановқа айтты, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.

СҚО әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов азаматтарды қабылдау орталығында тұрғындармен жеке қабылдау өткізді. Осы жолы денсаулық саласына қатысты өтініш-шағымдар қарастырылды. Мысалы, Татьяна Редькина өкпе ауруымен ауырады. Үнемі дәрі қабылдап жүруі қажет. Мұндай науқастар облыста саусақпен санарлық. Оларға мемлекет тарапынан тегін дәрі қарастырылған. Алайда соның өзін науқастар уақытында ала алмай отыр.

«Мен үшінші емханаға қараймын. Тегін дәрі алатын кезде барсақ, үнемі дәрі келген жоқ. «СК фармация»жеткізбеді дейді. «СК фармацияға» хабарлассақ, олар емхана өтінішті кеш жіберді деп айтады. Кімнің кінәлі екенін білмейсің. Жарты жылдап дәрі ішпейміз. Бұл дәрілер дәріханаларда сатылмайды», дейді Татьяна Редькина.

Өз кезегінде емхана басшылығы биыл жеткізілетін тегін дәрі-дәрмекті алу үшін өтінішті былтыр жазда жібергенін айтты. Оны денсаулық сақтау басқармасы бекіткен. Енді бар мәселе, кімнің қай уақытта құжаттарды жіберіп, қай уақытта тіркеуге алғандығында болып отыр.

Петропавлда науқастар жарты жыл бойы дәрі ала алмай жүр
Петропавлда науқастар жарты жыл бойы дәрі ала алмай жүр

«Қаныш Болатұлы, тегін дәрілерге берілген өтініштерді түгел қарап шығыңыз. Кім қай уақытта жіберді, қабылданды ма, тіркелді ма?! Мүмкін олар құжаттарды дұрыс толтырмаған шығар. Сирек ауруға шалдыққандар көп емес. Оларды үнемі бақылауда ұстап отыру керек. Назарларыңызда болсын. Қашан, қай уақытта дәрісін алды, қандай дозада алды. Осының барлығы ескерілуі керек», — деді облыс әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына.

Сонымен қатар, тұрғынға медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетіне де арыз жазуды ұсынды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болса, мәселені жан-жақты тексеріп, дәрілер кімнің салғырттығынан кешігіп жатқанын анықтауға уәде берді.

Тағы оқыңыз: СҚО-да сәуір айында ауа райы құбылмалы болады

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *