Петропавлда Балаларды қорғау күні қарсаңында мүгедектігі бар балдырғандарға жақсы сый жасау туралы шешім қабылданды. Алғаш рет 1 маусымға орай мүгедектігі бар балаларға 5 АЕК мөлшерінде төлем жасау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңестің отырысында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Серікжан Исенов айтты. Бастама талқыланып, қолдау тапты. Мақсат — мерекені балалар мен олардың отбасылары үшін күнтізбедегі жай ғана күн емес, оларға ерекше көңіл бөліп, нақты іспен көрсететі күнге айналдыру.
20 қаңтардағы мәліметке сәйкес, Петропавл қаласында мүгедектігі бар 1182 бала тұрады. Олардың 252-сі — жеті жасқа дейінгі бүлдіршін. Ал тағы 930 бала жеті жастан асқан. Бұл балалар мүгедектіктің үш санатына жатады.
Қоғамдық кеңес мүшелері ұсынысты мақұлдады. Енді қала әкімі тиісті құжаттарға қол қоюы қажет.
Тағы оқыңыз: Балықтарды құттқару операциясы: 400-ден астам балық көлден ауланып, Есілге жіберілді

