«Жермен жексен етілсін!» Бұл Петропавлда көпқабатты үйді сүру туралы алғашқы сот шешімі. Құрлыс қазақ мектеп-гимназиясының бұрынғы стадионы  аумағында жүріп жатыр. Қазір алты қабатты үй бой көтерген, деп жазады Qazaqstan Media.

Бұрынғы стадион-қазіргі құрылыс алаңы

Құрылыс 2024 жылдың желтоқсанында басталған. Бұрын бұл аумақта қазақ мектеп-гимназиясының стадионы болыпты.  Бірақ бірнеше жыл бұрын білім ордасы стадионның бір бөлігін қала меншігіне қайтарған.  Ал, жергілікті билік болса, оны сатып жіберген.

Мектеп пен көпқабатты үйдің дәл жанында құрылыс басталғанда, тұрғындар наразылық танытып, түрлі мемлекеттік органдарға арыз жаза бастаған. Өйткені Петропавлда нүктелі құрылыстарға ресми түрде тыйым салынған. Соған қарамастан, білім ордасының дәл терезесінің алдына ауыр техника келіп, жұмысын жүргізген.

«Мектепте бізге, спорт корты мен мини-футбол алаңы да жеткілікті деді. Мектеп ішінде спортзал мен бассейн бар ғой. Ал мен қазір балалардың бұрынғыдай стадионда емес, тротуар бойымен шаңғы тепкенін көріп жүрмін», — дейді жаңа үйдің қасында тұратын Елена Дмитриченко.

Сот сүруді міндеттеді, бірақ құрылыс жалғасуда

Мектепке аула жабдықтарын ғимаратқа барынша жақын қоюға тура келген. Гимназияның жаңа шекарасы да тез анықталып , құрылысшылар қоршауды жылдам жылжытып, учаскені бөліп алған. Биік қоршаудың ар жағында қандай нысан бой көтеріп жатқаны бастапқыда беймәлім болыпты. Нысан паспорты да, ақпараттық тақтайша да жоқ. Кейін «бұл жерде балаларға арналған шағын орталық салынады екен» деген әңгіме тарайды. Тұрғындар мұны жақсы жаңалық деп қабылдаған. Алайда, балабақша емес, баспана салынғаны анықталып отыр.

Петропавлда мектеп стадионының орнына салынған көпқабатты үйді сот сүріп тастауға шешім шығарды
Петропавлда мектеп стадионының орнына салынған көпқабатты үйді сот сүріп тастауға шешім шығарды

«Әртүрлі мемлекеттік органдарға сұрау сала бастадым. Оларда қандай құжат бар, құрылысқа кім рұқсат берген — соның бәрін анықтауға тырыстым. Сөйтсем, бұл жерді «Беспалов» ЖК  алған екен. Бірақ құрылыс басталған кезде оның қолында тек архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы мен эскиздік жоба ғана болған. Ең бастысы — бекітілген жоба, техникалық және авторлық қадағалау сараптамасы болмаған. Кейін біз мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына ұжымдық шағым жолдадық», — дейді Елена.

Тексеру нәтижесінде заңсыдық анықталды 

Маусым айында  сәулет-құрылыс бақылау мекемесі  тексеріс бастап, кәсіпкердің әрекетінен бірнеше заңсыздықты тапқан. Құрылыс салушыда жоба-сметалық құжаттама бекітілмеген, ал құрылыс жұмыстары басталғаны жөнінде мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын мүлде хабардар етпеген болып шықты.

Бар-жоғы бірнеше ай ішінде бұрынғы стадионда үйдің екі қабаты салынған.  СҚО МСҚБ басшысы Владислав Лукиннің шешімімен құрылыс 90 күнге тоқтатылуы тиіс еді. Бірақ ол орындалмады. Жаз уақыты текке кетпесін дегендей, Александр Беспалов жұмысын жалғастырған. Қазір мұнда алты қабатты үй тұр.

«Қажетті құжаттар мен рұқсаттардың болмауы адамдардың өміріне, денсаулығына, заңды құқықтары мен мүдделеріне тікелей қауіп төндіреді. Бұл заңда анық жазылған», — дейді Лукин. 

1 шілдеде мердігер жоба-сметалық құжаттамасын бекіттіріп алған, ал келесі күні авторлық және техникалық қадағалаумен шарт жасасқан. Мемлекеттік орган, сотқа жүгініпті. Кәсіпкердің заңсыз әрекетін дәлелдеген. Бірақ, ол шешім құрылыс қарқынына әсер етпеген сыңайлы.

Таң атпай құрылыс қызады. Әне-міне дегенше  алтыншы қабаттың жұмысы аяқталуға жақын. Тұрғындар арасында «үй үлескерлердің ақшасына салынып жатыр» деген сыбыс тараған.

Сот жүріп жатқанда…

«Біздің үйдің жанынан траншея қазып, бір кабель төсеп жатыр. Тағы да бәрі заңды деп отыр. Мемлекеттік  органнан рұқсат алмаған кезде олар қандай жұмыстарды жүргізе алады? Ал сот олар салған нысанды бұзу туралы шешім шығарды емес пе», — дейді Дмитриченко.

Жоба бойынша бұл үй алты подъезді, шамамен 300 пәтерлі болуы тиіс . Сонымен қатар жабық аула мен үсті жабық автотұрақ қарастырылған. Петропавлда мұндай үйлер сирек. Жоба жақсы болуы мүмкін, сапасы да жаман болмас. Бірақ…

Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Тараптардың ешқайсысы шегінер емес. МСҚБ заңдылық пен азаматтардың құқықтарын қорғаймыз десе, бірнеше рет заңды айналып өткен кәсіпкер өз пайдасын көздейді.

«Бұл үйді бұзады дегенге үмітім аз. Егер Беспалов апелляцияда жеңсе, бұл нысанды міндетті түрде тапсырады», — дейді Елена.

Егер бес қабатты үй жермен-жексен етіліп, учаске бастапқы күйіне келтірілсе, бұл Петропавлда алғашқы жағдай болмақ. Айтпақшы, қалада дәл осындай тағы бір үй тұр. Онда да құрылыс салушы рұқсатсыз сегіз қабатты көтеріп тастаған.

Тағы оқыңыз: «Қуаныш» ВК кезекті жеңісіне қол жеткізді

Поделиться:

Shares

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *