Петропавлда 11 сынып оқушысы мектеп маңында 19 жасар жігітті пышақтап кеткен. Қазір жарақат алған азамат ауыр халде ауруханада жатыр, деп жазады Qazaqstan Media тілшісі.
Оқиға кеше, яғни 15 мамыр күні сағат 11-лер шамасында болған. Оқушы мектептен шығып, сол жерде 19 жасар жігітпен кездескен. Кейін екеуі жанжалдасып, арты төбелеске ұласты. Бұл сәт мектептің бейнебақылау камераларына түсіп қалған.
«Камерадан кәмелетке толған, 18 жасар оқушымыздың әлгі жігітке пышақ жарақатын салып жатқанын көруге болады. Аталған бала бізге 13 мамыр күні ерекше режимдегі арнайы мектептен ауысып келді. 14-і күні ол сабаққа келген жоқ. Ал мамырдың 15-і бірінші сабақта отырып, әрі қарай оқуды жалғастырмаймын, жұмысқа орналасамын, құжаттарымды алып кетемін деп шығып кетті», — дейді № 44 орта мектептің директоры Анастасия Якушева.
Мектептегі өзге оқушылардың айтуынша, жарақат алған жігіт аталған білім ордасындағы балалардың бірінің ағасы екен. Екеуінің арасында не үшін жанжал туындағандығы әзірге белгісіз. Бірақ әлеуметтік желіде 18 жасар оқушының кішкентай сыныпта оқитындардан ақша бопсалағандығы айтылған.
Мектеп директорының сөзінше, оқушы осыған дейін де талай рет заң бұзушылық жасап, есепте тұрған.
«Иә, ол сабағын дұрыс оқыған жоқ. Бірақ мектепте ешқашан мұғалімдерге дөрекі сөйлеп, жанжал шығарған емес. Барлық заң бұзушылықтарын мектептен тыс жерде жасаған. Әсіресе, түнгі уақытта. Оның әрекеттері бірнеше рет кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі кеңесте қаралды. Ал былтыр желтоқсан айында ол біздің мектептен арнайы оқу ордасына ауыстырылған болатын. Бірақ 18 жасқа толғандықтан оны мамыр айында қайтадан көшірді», — деді мектеп директоры.
Қансырап жатқан 19 жасар жігітті бірінші болып мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі анықтап, полиция мен жедел жәрдем қызметін шақыртқан.
«Полиция қызметкерлері мектеп оқушысын бірден ұстады. Оған ҚР ҚК 106-бабы денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірді деген айып тағылып отыр. Күдікті Петропавл қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу әрекеттері жүргізілуде», — деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ал пышақ жарақатын алған 19 жасар жігіт ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Оған ота жасалды.
«Жігіттің ішіне және қолына екі жерден пышақ тиген. Шұғыл түрде операция жасалды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы ауыр, тұрақты. Бүгін таңертең жансақтау бөлімшесінен хирургияға ауыстырылды», -деді облыстық көпбейінді аурухана директорының орынбасары Руслан Әбетов.
Еске сала кетейік, былтыр ақпан айында қаладағы 4 мектепте 9-шы сынып оқушысы үш бірдей оқушыны жарақаттаған болатын. Қараша айында сот оны 6 жыл 9 айға соттады.
Тағы оқыңыз: Тасқыннан зардап шеккен аймақтардағы балалар жазғы демалыспен қамтылады