Петропавлда «Мағжан оқулары» республикалық байқауы өтті. Білім додасында еліміздің 19 облысынан 55 қатысушы бақ сынады, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Облыста аталған байқау сонау 2004 жылдан бері өткізіліп келеді. Шараның еліміз үшін маңызы зор. Себебі, біз қазақтың маңдайына біткен нар тұлғаның шығармаларын әрдайым дәріптеп, өскелең ұрпақты тәрбиелеуіміз қажет.
«Байқау үш аталым бойынша өтті. Ғылыми-зерттеу жұмыстары таныстырылды. Ақынның арнаулары тыңдалды және де Мағжанның өлеңдері оқылды. Тіпті, қатысушыларды нар тұлғаның туып өскен ауылы Сарытомарға апардық»,-, деді «Қызылжар дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығының әдіскері Жұлдызай Иманбекова.
Байқау қатысушыларға қатты ұнаған. Жалпы, Мағжан өлеңдері адамның ой-өрісін дамытады. Түзу жолға жол сілтейді. Бұл сөзді байқаудың жүлдегері Әмина Нарифоллаева растап отыр. Ол облыс орталығына Абай облысынан келген.

«Байқау өте жоғары деңгейде өтті. Мен Мағжанның 145 өлеңін жатқа білемін. Мағжан — романтик ақын. Өзіме жақын. Мен де әр нәрсені махаббатпен, нәзіктікпен сезінгенді жақсы көремін», -деді Әмина Нарифоллаева.
Тағы оқыңыз: Петропавлда нашақорлыққа қарсы жаппай жүгіру өтті