Петропавлда полицейлер түнгі уақытта тыныштықты бұзған жасөспірімдерді анықтады. Олар жалдамалы пәтерде алкоголь ішіп, көңіл көтерген, деп хабарлайды Qazaqstan Media тілшісі.
Петропавлда Астана көшесінде жалға берілетін пәтерлердің бірінде жастар көңіл көтеріп, көршілерінің мазасын алған. Тынышы кеткен тұрғындар полицейлерді шақыртқан. Тәртіп сақшылары келген кезде олар спирттік ішімдіктер ішіп отырған. Полицейлерді көрген кезде жастардың кейбірі балконда жасырынып қалмақ болған.
«Ақпаратты тексеруге келген полицейлер ішімдік ішіп алған жастардың үстінен түсті. Алты жас алкогольді емін-еркін ішкен. Көңіл көтеріп жатқандардың төртеуі кәмелеттік жасқа толмаған болып шықты, екі жасөспірім мас күйде болған», — деп хабарлады СҚО ПД баспасөз қызметі.
Кәмелетке толмаған балаларды ата-аналары келіп, хаттамаға қол қойып алып кетті. Жалпы облыс бойынша, демалыс күндерінен бастап тәртіп сақшылары жасөспірімдердің түнде жүруінің 48 дерегін және қоғамдық орындарда ішімдік ішу немесе мас күйде жүруінің 161 фактісін анықтады.
«23-25 қараша аралығында облыста «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. Адамдар көп жиналатын жерлерде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті бақылау күшейтілді. Сондай-ақ үш күн ішінде түрлі 829 құқық бұзушылық анықталды. Есепте тұрған бір мыңнан астам адам, қараусыз қалған 418 үй, 529 азаматтық қару иесі тексерілді», — дейді ПД бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.
Тағы оқыңыз: СҚО әкімдігі Нұрқожа Қайпановқа көлік сыйлады