Солтүстік Қазақстанда ауыл әкімі облыс орталығында мас күйде ұсталды. Оның бұл қыдырысы әдеп жөніндегі кеңесте талқыға түсті. Ауылдастарының алдында абыройлы әкімге «қатаң сөгіс» жариялау ұсынылды, деп жазады Qazaqstan Media.
Ғ. Мүсірепов ауданына қарасты Ломоносов селолық округінің әкімі Вячаслав Барсуков мамырдың 31-і күні Петропавлдағы дәмханалардың бірінде қыдырған. Айтуынша, ол жұмыстан тыс уақытта демалып, шамалы спирттік ішімдіктен ұрттаған. Кейін такси шақырғанымен, көлік дәл дәмхана жанына келмепті. Таксиге жаяу жетпекші болған кезде, оны патрульдық полиция қызметкерлері тоқтатқан. Мас күйде болғасын хаттама толтырып, әкімшілік жазаға тартқан.

«31-ші мамыр 2025 жылы түнгі сағат 12 кезінде Аврора сауда үйінің маңында Барсуков қиқалаңдап келе жатқан. Оны тоқтатып, тексеру кезінде мас екені анықталды. Барсуков өзінің бұл әрекетімен әкімшілік кодекстің 440 бабының бірінші тармағын бұзып отыр. Ол — қоғамдық орындарда алколголь ішу, мас күйде жүру. Әкімшілік кодекске сәйкес хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Айыппұл төртінші маусым күні төленген. Барсуков өзінің қатесін мойындап отыр», — деп оқыды баяндамашы.
Ауыл әкімі осыған дейін де қоғамға ортақ және мемлекеттік қызметкерлердің тәртібін бұзған. Әдеп жөніндегі кеңеске үшінші рет келіп отыр. 2021 жылы карантин кезде той тойлаған, былтыр прокурорлық тексеріс барысында ауылішілік жолдарды жөндеуге қатысты шикіліктері анықталған. Бірақ, соңғы факті бойынша құжаттар арқылы өзіміздікін дұрыс екенін дәлелдедік, дейді Ломоносов ауылдық округінің әкімі.
Әріптестерінің айтуынша, Вячаслав Барсуковты ауыл азаматтары әкім ретінде сыйлап, құрметтейді екен. Сондықтан оған қатаң шара қолданбауды сұрады.

«Адамның қоғамдық орында мас жүруі құқық бұзушылық. Қоғамдық тәртіпті бұзу болып саналады. Оның үстіне мемлекеттік қызметкердің этикасын бұзып отыр. Жұмыс күні аяқталған соң болса да, бұзушылық тіркелді. Бұл арқылы мемлекеттік қызметкерлердің атына кір келтіріп отырсыз. Қатаң сөгіс жариялауға ұсыныс жасаймын», — деді облыстық әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ержан Қарымсақов.
Төрағаның ұсынысын отырысқа қатысушылар қолдады.

Тағы оқыңыз: Алаяқтарға екі мыңнан астам SIM-картаны сатқан петропавлдық жігіт ұсталды