Петропавлдағы «Масло-Дел» серіктестігі май экстракциялау зауытын іске қосты. Жаңа кәсіпорынның жұмысымен СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов танысты, деп хабарлайды Qazaqstan Media.
Жобаға 34 млрд теңге инвестиция құйылып, толық қуатына шыққанда 220 жұмыс орны ашылады. Бюджетке 3,2 млрд тг салық түспек.
Жаңа кәсіпорын жылына 400 мың тоннаға дейін майлы дақылдарды өңдей алады. Өндіріс толықтай автоматтандырылған және қалдықсыз жұмыс істейді. Заманауи еуропалық жабдықтармен қамтылған зауыт күнбағыс, рапс және зығыр майы, сондай-ақ күнжара мен шрот өндіретін болады.
Ашылған күннен бастап мұнда 10 мың тонна тазартылмаған күнбағыс майы өндірілді. Көктемде экстракция желісі іске қосылса, жыл соңына дейін тамақ өнеркәсібінде сұранысқа ие лецитин өңдеу цехы ашылады.
«Кәсіпорын шикізатты жергілікті диқандардан сатып алады, бұл өңірдің жоғары әлеуетін көрсетеді. Биыл әртараптандыру аясында майлы дақылдардың егіс алқабы 85 мың гектарға ұлғайтылып, 760 мың гектарға дейін жетті», — деп атап өтті әлеуметтік желідегі парақшасында өңір басшысы.
Жаңа май экстракциялау зауытының арқасында өңір барлық өнімді өңдеуге мүмкіндік алды. Айта кетсек, былтыр СҚО-да 780 мың тонна майлы дақыл жиналса, бүгінде өңдеу кәсіпорындарының жалпы қуаты жылына 811 мың тоннаны құрайды.
Тағы оқыңыз: Көкшетауда Сәбит Мұқановтың жеке заттары қойылған жылжымалы көрме ашылды