Петропавлда ақынның ақыны атанған, қаймана қазақтың мұңын жырлап кеткен Мағжан Жұмабаевтың орталығы ашылды. Мәдениет пен әдебиет, тарих пен тағылым тоғысқан орталықта жерлес ақынның жеке заттары, оның шығармашылық жолын баяндайтын жәдігерлер қойылған. Мағжан орталығы жалғыз солтүстік емес, қазақ елінің елдігін, әдеби мұрасын сақтап, мұра ететін орын болмақ, деп жазады Qazaqstan Media.
Алаш жұртын ардақтап, ұлтын ұлықтап өткен Мағжанға петропавлдықтар тағы бір тағзым етті. Арыстан болып айбаттанып, жолбарыс болып қайраттанып өткен біртуар тұлғаға арналған орталық, көпшілікке таныстырылды. Тарихи нысан ішінде ақынның қолы тиген жиһаздар қойылған. Оны мұражайға Мағжан Жұмабаевтың туған-туыстары сыйға тартқан.

«Мына жайнамазға 200 жыл болады. Мен оны 1962 жылдан бері сақтап келдім. Келін болып түскен кезде енем аманат еткен болатын. Бұл жайнамазды Мағжанның атасы Жұмабай Мединадан қажылыққа барған кезде, келіні Гүлсімге, яғни Мағжанның анасына арнайы алып келіпті. Кейін Мағжанға мұра болды. Менің жолдасым Тасболат, Мағжанның ең кіші інісінің баласы. Жалпы Мағжан отбасындағы төртінші бала. Өзі анасына қатты ұқсаған болыпты. Анасы түріктің қызы. Сондықтан Мағжанды барша түркі елі жақсы көреді»,-дейді Сара Бекенова.
Сонымен қатар, орталықта Мағжанның шай ішкен кесесі де тұр. Оған қоса әр бөлмесі сол ғасырға сай әрленген. Әр бөлшегі мен суреті ақын өмір сүрген жылдарға жетелейді.

«Менің ойымша, Мағжан орталығының ашылуы маңызды шара. Тарихи тұлғаларды ұлықтау –парызымыз. Асыл мұраларын насихаттауда, әсіресе өскелең ұрпақ арасында дамытуда орталықтың орны ерекше болмақ.Қайраткер ақынның тарихи, педагогикалық мұралары елдігімізді танытуға және эстетикалық тәрбие беруде үлес қосатыны сөзсіз»,- деп атап өтті ҚР Премьер-министрініңң орынбасары Ермек Көшербаев.
Орталықтың ашылуына өңірдің зиялы қауым өкілдерімен қатар, сырттан келген қонақтар да қатысты. Олар, күрделі заманда дүниеге келіп, қудалауға ұшырап, елден қуылса да ұлт, ұрпақ тәрбиесін алға қойған ақынның бай мұрасы жас ұрпаққа аманат, дейді.

«Бүгінгі бастама-облысымыздағы рухани жаңғыру жолындағы нақты қадам. Өңір мәдениетіне серпін беретін үлкен мүмкіндік. Солтүстік Қазақстаннан түлеп ұшқан әрбір жастың жүрегінде Мағжанның рухы, Мағжан аңсаған еркіндік пен білімге құштарлық бар екеніне сенемін»,-деді өз сөзінде облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Петропавлдағы Мағжан орталығы – бұл еліміздегі алғаш мәдени-ағарту орталығы. Алты бөлмеден тұрады. Оның ішінде жиналыс өткізетін зал, кітапхана, «Мағжан тану» жастар клубына да орын арналған. Айта кету керек, бұл ғимаратта «Мағжан» фильмінің түсірілімі болған. Орталық аумағында арт аймақ орналасқан. Онда ақынның шағын архитектуралық мүсіні қойылған. Ол гранит, керамика, қоладан жасалған.
Тағы оқыңыз: СҚО бюджеті бес жыл ішінде 2600 рет түзетілген